Ауыл медицинасын цифрландыруға басымдық берілмек

Ауыл медицинасын цифрландыруға басымдық берілмек

Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту аясында ауылдық жерлерде жүздеген жаңа медициналық нысан пайдалануға беріліп, дәрігерлерді қолдау шаралары күшейтілді. Сонымен қатар дәрі-дәрмек өндірісін дамыту және медицинаны цифрландыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлады Үкіметтегілер.

Үкіметтің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл-аймақтың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту аясында еліміздің өңірлерінде 655 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны, оның ішінде дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. Бұдан бөлек, 12 медициналық мекеме толық жаңғыртылып, ауыл тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік берілді.

– Ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайту мақсатында кемінде бес жыл жұмыс істеуге келісім берген тапшы бейіндегі 529 дәрігерге 8,5 млн теңгеден біржолғы көтерме төлем берілді. Соның нәтижесінде ауылдағы дәрігерлер тапшылығы 13,8%-ға, ал орта медицина қызметкерлерінің тапшылығы 1%-ға азайды, – делінген Үкімет ақпаратында.

Сонымен қатар интернатурада алты жаңа базалық мамандық, ал резидентурада 14 тар бейінді балалар мамандығы ашылды.

Дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадаларына күш көрсету немесе қауіп төндіру фактілері үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Қазіргі таңда 152 стационарда тәулік бойы полиция бекеттері жұмыс істейді. Ал Астана мен Алматыда жедел жәрдем қызметкерлері бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіліп, соның нәтижесінде жанжал дерегі 90% азайған.

– Бір жылға арналған дәрі-дәрмек сатып алу жоспарының көлемі 584,1 млрд теңге болды. Қазақстандық өндірістегі 66 дәрілік препарат бойынша жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде бюджеттен 10,3 млрд теңге үнемделді. Биылғы бірінші тоқсанда фармацевтикалық өндіріс көлемі 70,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46% өсті, – деп мәлімдеді Үкіметтегілер.

Қазіргі уақытта елімізде 209 отандық фармацевтикалық өндіруші тіркелген. Оның ішінде 43 кәсіпорын дайын дәрілік препараттар шығарады.

Сондай-ақ Үкімет Pfizer, Hoffmann-La Roche және AstraZeneca компанияларымен ұзақ мерзімді келісімдер жасап, отандық кәсіпорындармен жалпы құны 125,4 млрд теңге болатын 83 келісім-шартқа қол қойған. Бұдан бөлек, 2029 жылға қарай ішкі нарықтағы отандық дәрілік заттардың үлесін 50%-ға жеткізу мақсатында жалпы құны 391,3 млрд теңгені құрайтын алты ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Медицина саласын цифрландыру аясында E-Densaulyq бірыңғай платформасына 23 ақпараттық жүйе біріктірілуде. Сонымен қатар көлемі 1,5 петабайт болатын бірыңғай медициналық деректер қоймасы іске қосылып жатыр. 

– 1 шілдеден бастап медициналық қызметтерді қаржыландыру тек бірыңғай репозиторийдегі верификацияланған деректер негізінде жүзеге асырылады. Бұл жалған есептіліктің алдын алып, дәрігерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді әрі әкімшілік жүктемені екі есеге дейін азайтады, – делінген Үкімет хабарламасында.