Әділет министрлігі Қашаған бойынша арбитраж шешімін мойындаудан бас тартты
2026 ж. 15 шілде
105
0
Қазақстанның Әділет министрлігі North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумының халықаралық арбитраж арқылы көп миллиардтық экологиялық айыппұлды өндіріп алуды бұғаттауға бағытталған әрекеттеріне қатысты пікір білдірді,- деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі nege.kz телеграм арнасында сілтеме жасап.
Министрліктің мәлімдеуінше, ЮНСИТРАЛ коммерциялық арбитражының аралық қаулысы Қазақстан аумағында автоматты түрде заңды күшке ие емес және жергілікті соттардың егемен шешімдерінің күшін жоя алмайды. Сондай-ақ Әділет министрлігі Қашаған операторына күкіртті белгіленген нормадан артық сақтағаны үшін салынған айыппұлды ерікті түрде төлеу мерзімі 20 шілдеде аяқталатынын еске салды. Егер қаражат бюджетке түспесе, мемлекет мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімін бастап, өндірілетін сомаға қосымша 10 пайыз мөлшерінде айыппұл санкциясын қолданады.
Әділет министрлігі ЮНСИТРАЛ трибуналының инвестициялық арбитраж болып табылмайтынын ерекше атап өтті.
«Арбитраждық трибуналдың өкілеттігі жеке құқықтық коммерциялық дауларды қараумен ғана шектеледі және мемлекеттің егемен жария билік өкілеттіктерін жүзеге асыруына таралмайды»*, – делінген министрлік хабарламасында.
Шетелдік қамтамасыз ету шаралары міндетті түрде Қазақстан соттары арқылы танылуы тиіс. Алайда бұл жағдайда мұндай рәсім жүргізілмеген. Министрлік мемлекеттік органдардың қоршаған ортаны қорғау мүдделеріне нұқсан келтіре отырып, коммерциялық арбитраждың аралық шешімдерін орындау үшін заңды айналып өтпейтінін ашық мәлімдеді.
Сонымен қатар, Қазақстанның Әділет министрлігі қарсы тараптың іскерлік әдепті сақтамағанына да назар аударды. Ведомство NCOC-тың арбитраждық талқылаудың егжей-тегжейін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға асыққанын алаңдаушылықпен атап өтті.
«Істің мән-жайын осылайша жария түрде ашу халықаралық арбитраждың құпиялылық қағидатына сәйкес келмейді әрі оның тиісті деңгейде өтуіне ықпал етпейді», – деп түйіндеді министрлік.
Еске сала кетейік, бұған дейін "Ақ жол" партиясы парламенттік фракциясы 90 жылдардағы шетел инвесторларымен мұнай өнімдерін бөлісу келісімдерін (ӨБК) және тұрақтандырылған келісім-шарттарды жария етуді үнемі көтеріп келген болатын.
Ал, 2025 жылдың қаңтар айының соңында кеңейтілген отырыс барысында Президент Тоқаев Қазақстан үкіметіне ӨБК келісімшарттарын ел үшін жаңартылған және тиімдірек шарттармен ұзарту бойынша келіссөздерді күшейтуді тапсырған болатын.
Сол кездегі "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Президенттің ӨБК шарттарын қайта қарау туралы тапсырмасын тарихи деп атаған еді.
Одан бөлек, 2023 жылы Азат Перуашев Жер қойнауының иесі - халық өз байлығының қалай пайдаланып жатқанын көре алмай отырғанын алға тартты.
2024 жылы "Ақ жол" халықаралық ұйымнан ірі мұнай-газ жобалары бойынша ӨБК шарттарын жария етуге ықпалдасуын сұрады.
Сондай-ақ, 2023 жылы да, 2024 жылы 12 маусымда да ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мұнай-газ, стратегиялық кен орындарымен жасалған құпия келісімшарттарды ашық жариялап, қайта қарауды, халыққа тиімсіз, әділетсіз келісімдерді тоқтатуды талап еткен “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын екі рет жарялады.
Қазыбек Исаның парламент мінберінен “90 жылдардағы мұнай келісімі Назарбаевқа зор келісім болғанмен халыққа қор келісім болды”-деп қатты айтқаны осы кезде болатын.
Сонымен қатар, 2025 жылы порталымызда Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның "МҰНАЙДЫҢ ТРИЛЛИОНДАРЫ ҚАШАН ТӨЛЕНЕДІ?!." атты үшінші сауалын да жариялаған болатынбыз.
Әділет министрлігінің әрекеті әділетті. Өйткені, 2026 жылғы 1 шілдеден күшіне енген ҚР Конституциясы бойынша Қазақстанның заңдарына халықаралық заңнамалар ықпал ете алмайды.