Қазақстандағы цифрландыру және жасанды интеллект: жаңа экономиканың қозғаушы күші

Қазақстандағы цифрландыру және жасанды интеллект: жаңа экономиканың қозғаушы күші

XXI ғасырда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен ғана емес, цифрлық технологияларды игеру деңгейімен де өлшенеді. Жасанды интеллект, үлкен деректер (Big Data), бұлтты технологиялар мен цифрлық платформалар бүгінде экономиканың барлық саласына еніп, мемлекеттік басқару тәсілдерін түбегейлі өзгертуде. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалған жоқ. Соңғы жылдары еліміз цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруге және жасанды интеллектіні экономика мен мемлекеттік басқаруға енгізуге ерекше назар аударып келеді.

Қазақстандағы цифрландырудың ең табысты бағыттарының бірі – электрондық үкімет жүйесінің дамуы. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі азаматтарға онлайн форматта ұсынылады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электрондық түрде қолжетімді. Тек 2025 жылдың өзінде қазақстандықтар 51,5 миллионнан астам мемлекеттік қызметті онлайн алған, оның жартысына жуығы eGov Mobile қосымшасы арқылы көрсетілген. Сонымен қатар Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша әлемнің 193 мемлекеті арасында 24-орынға көтеріліп, онлайн қызметтер индексі бойынша алғашқы он елдің қатарына енді. Бұл – мемлекеттік басқаруды цифрландыру саласындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Цифрландырудың басты артықшылығы – уақыт пен қаржыны үнемдеу. Бұрын бірнеше күн немесе апта талап еткен мемлекеттік қызметтер бүгінде бірнеше минут ішінде көрсетіледі. Электрондық анықтамалар, жылжымайтын мүлікті тіркеу, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу, кәсіпкерлікті тіркеу сияқты қызметтердің барлығы азаматтарға қашықтан қолжетімді. Бұл мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де азайтады.

Цифрлық экономиканың жаңа кезеңі жасанды интеллект технологияларының дамуымен тікелей байланысты. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жасанды интеллект өндірістегі өнімділікті арттырып, шығындарды қысқартып, басқарушылық шешімдердің тиімділігін жақсартады. Қазақстан да осы бағытты ұлттық басымдықтардың біріне айналдырды.

2025 жылы елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, Президент жанынан Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады. Сондай-ақ 2029 жылға дейінгі жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы қабылданып, саланы дамытудың институционалдық негізі қалыптастырылды. Кеңес құрамына әлемге танымал ғалымдар мен технология саласының сарапшылары тартылды. Бұл Қазақстанның халықаралық тәжірибені тиімді пайдалануға ұмтылып отырғанын көрсетеді.

2026 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Осыған байланысты Үкімет арнайы іс-шаралар жоспарын бекітіп, мемлекеттік басқаруға жасанды интеллектіні енгізу, кадрларды даярлау, халықаралық әріптестікті кеңейту және цифрлық жобаларды іске асыру бағытындағы жұмыстарды күшейтті. Сонымен бірге AI Governance 500 бағдарламасы аясында мемлекеттік сектор басшыларын жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануға оқыту басталды.

Жасанды интеллекттің әлеуеті тек мемлекеттік секторда ғана емес, денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қаржы салаларында да зор. Медицинада ол ауруларды ерте анықтауға көмектессе, білім беруде оқыту бағдарламаларын әр оқушының қабілетіне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді. Өнеркәсіпте өндірістік процестерді автоматтандыру арқылы еңбек өнімділігі артады. Ал ауыл шаруашылығында егістік алқаптарының жағдайын талдау, өнім көлемін болжау және су ресурстарын тиімді басқару мүмкіндігі кеңейеді.

Сонымен бірге цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізудің өзіндік сын-қатерлері де бар. Ең алдымен, киберқауіпсіздікті күшейту, жеке деректерді қорғау және жаңа цифрлық мамандарды даярлау мәселесі өзекті. Бұдан бөлек, жасанды интеллектіні қолдану кезінде қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен этикалық қағидаларын сақтау маңызды. Сондықтан технологиялық прогресс заңнамалық реттеумен және қоғамның цифрлық сауаттылығын арттырумен қатар жүруі тиіс.

Қазақстан бүгінде цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне аяқ басты. Мемлекеттік қызметтердің онлайн форматқа көшуі, ақпараттық жүйелердің дамуы және жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу ел экономикасының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары негізгі міндет – технологияларды тек енгізіп қана қоймай, оларды нақты экономикалық өсімге, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және ұлттық бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге бағыттау. Осы тұрғыдан алғанда, цифрландыру мен жасанды интеллект Қазақстанның тұрақты дамуының маңызды факторларының біріне айналып келеді.

Қазақ үні