Сайлау алдындағы конференциялар қасиетті Түркістаннан басталды
2026 ж. 02 шілде
44
0
Жаңа Конституцияға сай еліміздің ең жоғары заң шығарушы билігі Құрылтай сайлауы биыл 23 тамызда алғаш рет өтеді. Кеше ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Құрылтай сайлауын өткізу туралы жарлығы жарияланды.
Құрылтай сайлауына қатысатын 7 партияның алдында партиялық һәм парламенттік тарихы бай “Ақ жол” партиясы тұр.
Сайлау алдындағы “Ақ жол” партиясы сиезіне делегаттар сайлайтын облыстық филиалдар конференциясын өткізуді Қазақтың қасиетті ордасы, Түгел түркінің астанасы Түркістаннан бастадық!

«Ақ жол» ҚДП Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс конференциясы 2026 жылы 2 шілдеде болды.
Конференцияның күн тәртібінде 2026 жылдың 5 шілдесінде Астана қаласында өтетін «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының ХХІІІ съезіне облыс атынан қатысатын делегаттарды сайлау мәселесі қаралды.

Жиынның президиум құрамында:
- Иса Қазыбек Жарылқасынұлы – «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII, VIII шақырылымдары депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
- Нұржан Есенбаев Толқынұлы – «Ақ жол» ҚДП Түркістан облыстық филиалының төраға орынбасары болды.
Конференцияға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселені талқылады.
Қазыбек Иса өз сөзінде партияның бастамаларының ел дамуына қосқан үлесін атап өтіп, әлеуметтік желілердегі белсенділіктің бүгінгі саяси үдерістегі маңызына ерекше тоқталды. Сондай-ақ партияның Мәжілістегі депутаттарының белсенді жұмысы мен қоғамдағы ықпалын тілге тиек етіп, алдағы саяси додада ұйым мүшелерін бірлік пен белсенділікке шақырды.

Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ардақ Мансұров арнайы сөз сөйлеп, партияның өңірдегі маңызды рөлі мен алдағы жоспарларына тоқталып өтті:
«Партияның ұтымды бастамасы өңірдегі қордаланған мәселелерді тікелей Мәжіліс (бұрынғы) мінберіне жеткізуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы алға қойған ашықтық пен жариялылық қағидаты біздің партияның әрбір атқарған жұмысынан анық байқалады.
Осы орайда, Орталық аппаратқа үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта өтетін Құрылтайда партиямыздың басым дауыспен алға шығып, биік белестерді бағындыруына тілектеспін!» – деді депутат.

«2012 жылдан бері 4 шақырылым бойы мәслихаттарда өз депутаттарымыз болды. Одан бөлек, әрбір өңірде де белсенді өкілдеріміз жұмыс істеп келеді. Алдағы Құрылтайда өз депутаттарымызға барынша қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз!», -деді Түркістан облыстық мәслихаты депутаты Ержан Үсентаев.
«Қаншама жылдан бері «Ақ жол» партиясының қатарында адал қызмет етіп келеміз. Бүгінде партиямыздың қолдауымен халық игілігі үшін нәтижелі жұмыс істеуге толық жағдай жасалған. Алдағы съезде партиямыздың атынан Парламентке бұрынғыдан да көп, сапалы әрі үлкен құрамның өтуіне тілектеспіз!», деді Түркістан облысы Жетісай аудандық мәслихаты депутаты Эльмира Темірбаева.

Облыстық филиал төрағасының орынбасары Нұржан Есенбаев съезге баратын кандидаттар тізімін ұсынып, қатысушылар оны бір ауыздан қолдап, дауыс берді.

Партияның ХХІІІ съезінде Түркістан облысынан сайланған делегаттар тізімі:
1. Абзал Салықбаев
2. Ержан Үсентаев
3. Қанат Нышанов
4. Жамшид Туламетов
5. Әшімхан Баратов
6. Ардақ Мансұров
7. Махсуд Хаджиев
8. Бобур Шарасулов
9. Мансур Шарасуров
10. Жанар Салихбаева
11. Ғалия Турмахамбетова
Конференция қорытындысы бойынша арнайы Қаулы қабылданып, делегаттар құрамы ресми түрде бекітілді.
Алла жар болсын!
Ақ жол!
ҚАЗАҚ ҮНІ
Түркістан қаласы