Астанада ивент-туризм қарқынды дамып келеді
2026 ж. 01 шілде
40
0
Астана тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның туристер көп келетін қалаларының біріне айналып отыр. Егер 2024 жылы Астанаға 1,5 млн турист келсе, 2025 жылы 1,6 млн турист арнайы келген, оның 340 мыңнан астамы шетелдік туристер. Астанада тек іскерлік туризм, медициналық туризм, мәдени-танымдық, отбасылық және спорт туризмі ғана емес, ивент-туризм де қарыштап дамып келеді.
Бұған дейін Астана төрінде халықаралық көрмелер мен саммиттер өтіп, ел мәртебесін асқақтатты. Атап айтсақ, EXPO-2017 халықаралық көрмесі, әр 3 жыл сайын өткізіліп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндердің съезі, ЕҚЫҰ саммиті, ШЫҰ саммиті өз деңгейінде өтіп, әлем назарын аударды. Экономикалық, діни жиындардан бөлек, іскерлік кездесулер де Астанада жиі ұйымдастырылады. Жалпы, Астананың әлемдік деңгейдегі басқосуларды өткізуде тәжірибесі зор.
Соңғы жылдары Қазақстан тарихында алғаш рет А санатындағы әлемдік әншілер Астана мен Алматыға арнайы келе бастады. Танымал әншілер елімізде әлемдік турне аясында концерт беріп, бұл өз кезегінде ивент-туризмнің дамуына оң әсер еткені хақ. Естеріңізге сала кетсек, танымал америкалық әнші Дженнифер Лопездің концертіне 15 000 шетелдік турист келді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл концерт Астана бюджетіне 6,5 млрд теңге, ал мемлекеттік бюджетке 400 млн салық әкеліпті.
Әлемдік жұлдыз Джей Лоның концертінен көп ұзамай елімізге әйгілі америкалық Бәкстритбойз тобы табан тіреді. Ұйымдастырушы Astana Concert компаниясының мәліметіне сенсек, елімізге әлемнің 45 елінен 12 000 турист келіпті. Аймақтағы елдер былай тұрсын, алыс шетелден де туристер ағылған. Атап айтсақ, Түркия, Франция, Германия, Польша, Финляндия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грекия, Эстония, Литва мен Ресей елдерінен тыңдармандар арнайы келген. Астанада бойз-бенд мүшелері Бәйтерек, мұражай, этно-мейрамханаларға барып, бұл жайлы ақпаратты өз парақшаларында бөлісіп, әлемге елорданы таныта түсті.
Әрине, әлемдік жұлдыздардың концерті тек отандық әлеуметтік желі сегментіде ғана емес, Орталық Азия мен ТМД деңгейінде барынша талқыланды. Көпшілік пікірі Инстаграмда 246 млн жазылушысы бар Джей Лоның еліміздегі концерттен бірнеше сториз жариялауы «Астана, Қазақстан» брендтерінің кеңінен тарауына ықпал етті деп, оң баға берген.
Жалпы, дамыған Еуропа елдері мен Америкада әлемдік жұлдыздардың турнесі қабылдаушы елдің экономикасына оң серпін береді. Мәселен, әлемдік әнші Әделдің Мюнхендегі концерті неміс экономикасына 540 млн еуро әкеліп, бұл салада тіс қаққан мамандардың өзін таң қалдырды. Экономистер ивент-туризм тек қонақүй, мейрамхана, көлік қызметіне ғана оң әсер етпейді, бұдан бөлек елде уақытша жұмыс орындары ашылып, экономикаға оң серпіліс әкеледі деп санайды. Ал әнші Тейлор Свифттің турынан түсетін табысты кішігірім елдердің экономикасымен салыстыруға болады. Кезінде сарапшылар Тейлор Свифттің концертіне сатылған билеттерден түскен табыс 1 млрд доллардан асады деп болжаған еді. Бірақ шын табыс 4,6 млрд доллардан асып, экономистерді дүр сілкіндірген.
Десе де, мұндай концерттерді бірінші не соңғы ел боп қабылдаудың да өз салдары бар. Мәселен, Beyonce өз концерттік турын Швециядан бастады, өз кезегінде тыңдармандар Стокгольмға ағылып, жергілікті жалдамалы тұрғын үй бағасынан бастап азық-түлік бағасына дейін қымбаттап, бұл процесс керісінше инфляцияны баяулатып, экономистер күткен табысты мүлдем ақтамаған еді. Яғни, әлемдік турды қабылдайтын бірінші, не соңғы ел болу да табысқа айтарлықтай әсер ететін көрінеді. Мұны да ивент-туризмді дамыту кезінде ескерген жөн.
Қазақстан ивент-туризмді оңтайлы дамытып келе жатқан жас мемлекет. Елімізде бұл бағыт түгілі жалпы экотуризм, теңіз туризмі, медициналық туризм, діни туризм әлі де жаңадан дамып жатқан салалар. Қазірше Қазақстанға мыңдаған тыңдарманын әкеле алған жалғыз отандық әнші Димаш боп тұр. Естеріңізге сала кетсек, Астанада өткен Димаштың Stranger атты екікүндік концертіне әлемнің 80 елінен 10 000 шетелдік турист келген. Жалпы, концертке 35 000 адам жиналған. АҚШ, Қытай, Италия, Англия, Франция, Венгрия, Германия, Норвегия, Түркия мен ТМД елдерінен келген жанкүйерлер Димашпен бірге «Дайдидау», «Махаббат бер маған» сияқты қазақша әндерді бірге шырқаған. Қазірше шетелдік туристерді тартуда Димаштың рекордын отандық әншілер жаңарта қойған жоқ.
Ивент-туризмді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқару керек. Кейбір сарапшылар заманға сай стадиондар салу қажет деген пікірде. Жалпы, Қазақстанда ивент-туризм тек концерттер өткізумен шектелмей, фестивальдар өткізу, спорттық шаралар, мәдени және іскерлік кездесулер, басқосулар ұйымдастырумен де ұласып жатыр. Астана мен Алматы бұл тұрғыдан тек еліміз бойынша ғана емес, жалпы Орталық Азия аймағы бойынша көшбасшы қалалар боп саналады.
Кәмшат ТАСБОЛАТ,
Қазақстан Республикасы
Президенттік орталығының
жетекші ғылыми қызметкері