Қазақ тіліндегі сапалы контенттің тапшылығы – ұлттық қауіпсіздік мәселесі

Қазақ тіліндегі сапалы контенттің тапшылығы – ұлттық қауіпсіздік мәселесі

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі А.Ғ.Балаеваға 

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Бүгінде Қазақстан үшін ең маңызды мәселенің бірі – қазақ тіліндегі сапалы контенттің тапшылығы.

Бұл енді жай ғана мәдени мәселе емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік, идеология және келешек ұрпақтың дүниетанымы мәселесі.

Бүгінде балаларымыздың санасын мектептен бұрын TikTok тәрбиелеп жатқанын мойындауымыз керек-ақ. Әсіресе жазғы каникул кезеңінде жасөспірімдердің интернетті пайдалану уақыты бірнеше есе артады. Олар онлайн ойындарға, қысқа видеоларға, бақылаусыз контентке тәуелді болып, түрлі алгоритмдік ақпараттық ықпалдың ортасына түсуде.

Бұл – өте маңызды әлеуметтік әрі психологиялық мәселе. Себебі дәл осы кезеңде балалардың ойлау жүйесі, 

мінез-құлқы, тілдік ортасы және құндылықтық бағдары қалыптасады. 

Өкінішке қарай, қазақ тіліндегі балалар контенті, танымдық платформалар, анимация, ғылыми-ағартушылық бағдарламалар мен тәрбиелік медиажобалар жаһандық цифрлық платформалардағы агрессивті ақпарат ағынымен бәсекелесе алмай отыр.

Нәтижесінде клиптік ойлау жүйесі күшеюде, ұлттық мәдени код әлсіреуде, шетелдік мәдени ықпал басым болуда, қазақ тіліндегі сапалы цифрлық орта қалыптаспай жатыр.

Қазіргі ақпараттық заманда мемлекеттің шекарасы тек жермен емес, ақпаратпен де қорғалатынын түсінуіміз керек.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған мемлекеттер цифрлық кеңістікті ұлттық идеологияның негізгі алаңы ретінде қарастырады. Мысалы, Оңтүстік Корея мәдени контент арқылы жаһандық ықпал қалыптастырса, Қытай балаларға арналған цифрлық платформаларды қатаң реттейді. Франция мен Германия ұлттық тілдегі медиаконтентті мемлекеттік деңгейде қорғайды, ал Түркия тарихи сериалдар арқылы мәдени ықпалын күшейтіп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда ұлттық бірегейлік, мәдени саясат және ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударып, ұлттық құндылықтарды заманауи форматта дәріптеу міндетін нақты қойған болатын.

Алайда қазіргі жағдайда балаларға арналған қазақша мультфильмдер аз, ғылыми-ағартушылық YouTube жобалары жеткіліксіз, қазақ тіліндегі IT және білім платформалары әлсіз, балалар психологиясына зиян контентке бақылау жеткіліксіз болып отыр.

Осыған байланысты Үкіметке мынадай сауалдар жолдаймыз:

 Балаларға арналған қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті дамыту бойынша ұлттық деңгейдегі нақты мемлекеттік стратегия қабылдауды; 

 Жазғы каникул кезеңінде жасөспірімдердің интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы профилактикалық және ағартушылық шараларды күшейтуді; 

 TikTok, YouTube, Instagram және өзге де цифрлық платформалардағы балалар психологиясына кері әсер ететін контентті шектеу бойынша құқықтық және техникалық тетіктерді жетілдіруді;  

 Қазақ тіліндегі анимация, балалар киносы, ғылыми-ағартушылық және тәрбиелік медиажобаларды мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру көлемін арттыруды ұсынамын. 

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары:

Д.Исабек,

Қазыбек Иса - “Ақ жол” фракциясы мүшесі,

М. Ескендіров,

Қ.Балабиев,

Н.Байтілесов,

Б.Керімбек,

Ж.Амантай,

Ә.Мүтәлі,

Т.Қырықбаев,

Д. Қасқарауов

Р. Зайыт