Азат Перуашев «Ақ жол» партиясының тізгінін неге тапсырғанын айтты
2026 ж. 15 маусым
38
0
«Ақ жол» демократиялық партиясы 15 жыл басқарған саясаткер Азат Перуашев партия төрағасы қызметінен кетуі туралы шешім қабылдағанын бүкіл БАҚ жарыса жазды. Парламенттегі "Ақ жол" фракциясының жетекшісі өз шешімінің себептері, кадрлық ауыс-түйіс, алдағы сайлау науқаны және болашақ жоспарлары туралы Digital Business басылымына берген эксклюзивті сұхбатында тарқатып айтып берді.
Партия лидерінің айтуынша, кадрлық өзгерістерге басты себеп қоғамдағы жаңаруға деген жаһандық сұраныс пен кез-келген басшының белгілі бір уақыттан кейін қызмет бағытын өзгертіп отыруы қажет деген жеке ұстанымы.
– Ары қарай не? Алда әлі де көптеген міндеттер мен сын-қатерлер тұр. Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, еліміз де өзгеруде. Сондықтан қаққан қазықтай бір орында қалмай, алға ұмтылу керек. Мұндай шешім қабылдауымның себебі қандай? Съездегі сөзімде бірнеше себепті атадым. Бірақ ең бастысы – біз саяси модельдің де, қоғамдық институттардың да түбегейлі өзгеріп жатқанын көріп отырмыз, – деді саясаткер.
Оның сөзінше, съезге санаулы күн қалғанда өзінің партия төрағасы қызметінде жүргеніне 15 жыл толғанын аңғарған.
– Құттықтаулар қарша борады. Ал мен соңғы бір жыл бойы кәсіби қызметімді өзгерту туралы ойланып жүрген едім. Бірде британдық сарапшылардың пікірін оқыдым. Олар адам кем дегенде әр он жыл сайын қызмет бағытын өзгертіп отыруы керек дейді. Қаншалықты жаңашыл болса да, ұзақ отырған басшы біртіндеп қалыптасқан стереотиптердің тұтқынына айналып, өз идеяларына сын көзбен қарау қабілетін жоғалтады. Сонымен қатар балама пікірлердің дамуына кедергі келтіруі мүмкін, – деді Азат Перуашев.
Оның пікірінше, уақытылы жүргізілген ротация – саяси ұйымды да, бизнесті де тоқыраудан сақтайтын жалғыз жол.
– Бұл тек партияларға ғана қатысты емес. Бизнеске де, мемлекеттік қызметке де қатысты мәселе. Егер өз ісіңе басқа қырынан қарауға мүмкіндік бермесең, ол дамуға емес, керісінше тежегішке айналады.
Мен өмірімнің ең жарқын 15 жылын арнаған партияның әрі қарай дамып, табысты жолын жалғастырғанын қалаймын. Әріптестерімнің өтінішімен партияның басшылық органдарында қала беремін. Сондықтан партияның елмен бірге, мемлекетпен бірге бір ырғақта дамуына мүдделімін, – деді ол.
Азат Перуашев өзінен кейін партия төрағалығына белгілі қаржыгер әрі тәжірибелі мемлекет қайраткері Дания Еспаеваны ұсынды. Бұрынғы төраға жаңа басшыға алдағы сайлауда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
– Жаңа Құрылтай құрамында боламын ба? Бұл көптеген жағдайларға байланысты. Мен партия мүшесі болып қала беремін. Құрылтай тізіміне енуім де мүмкін.
Ең алдымен жаңа төраға Дания Еспаеваны қолдау үшін. Ол – өте білімді, білікті экономист, мықты қаржыгер және беделді мемлекет қайраткері. Оған қоғам арасында да, ақжолдықтардың арасында да сенім кредиті жоғары.
Партияластарым мен Дания Мәдиқызының өтініші бойынша кандидаттар тізіміне және сайлауалды штаб құрамына еніп, өңірлердегі науқан жұмыстарына қатысуым мүмкін. Бірақ бұл мәселені сайлау алдындағы съезд шешеді, – деді Перуашев.
Өзінің депутаттық болашағы туралы айтқан Азат Перуашев төрт шақырылым қатарынан Мәжіліс депутаты болғанын еске салды.
– Құрылтайға қатысу мәселесі бөлек әңгіме. Біріншіден, бәрі партияның қанша мандат алатынына байланысты болады. Мен төрт рет депутат болдым. Сондықтан партия ішіндегі ғана емес, заң шығарушы органдағы ротацияның да уақыты келген шығар.
Еліміздің Парламентінде басқа әріптестеріміздің де өзін көрсетуіне мүмкіндік беру қажет. Әйтпесе бұл дұрыс болмайды. Себебі партия үшін менімен бірдей еңбек еткен адамдар аз емес, – деді ол.
Саясаткердің айтуынша, «Ақ жолдың» өңірлерде мол кадрлық резерві бар.
– Мен партияға келген кезде 30 мыңнан астам кәсіпкер бірге қосылды. Олардың көпшілігі бүгінде филиалдарды басқарады, өңірлік кеңестер мен партияның Ұлттық кеңесінің белсенді мүшелері.
Сондықтан олардың саясатта өздерін көрсетуіне мүмкіндік беру – дұрыс шешім деп ойлаймын.
Әрине, егер менің білімім мен тәжірибем қажет болып жатса, әріптестеріме көмектесуден бас тартпаймын. Бірақ бұл партияның шешіміне байланысты болады, – деді ол.
Азат Перуашев қызметтен кеткеннен кейін бірден түрлі ұсыныстар түсе бастағанын жасырмады.
– Бірден кәсіпкер достарым хабарласып: «Бізге кел, бірге жұмыс істейік» деп шақыра бастады.
Бірақ менің қазіргі басты міндетім – партияға осы сайлаудан сәтті өтуге көмектесу. Бұл тарихи кезең. Өйткені еліміз мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көшіп жатыр, жаңа институттар қалыптасуда.
Сондықтан бүгінгі басты мақсат – пікірлестерімізге сайлаушылардың сеніміне ие болып, көбірек дауыс жинауға көмектесу. Ал мандаттарды бөлу мен одан кейінгі жұмыстар жаңа басшылықтың құзырында болады, – деді ол.
15 жылдық қызметінің қорытындысын шығарған саясаткер партия алдында қойған негізгі міндеттердің орындалғанын айтты.
– Өзім жоспарлаған істерді жүзеге асырдым деп ойлаймын. Съезде сөз сөйлеген, партия құрамында ширек ғасырдан бері жүрген азаматтардан 15 жыл бұрын көрсеткен сенімдерін ақтай алдым ба деп сұрадым.
Олардың жауабы өте жақсы болды. Әрине, кейбір мәселелерді бұдан да тиімді шешуге болатын еді. Әрқашан жақсырақ жасауға мүмкіндік бар.
Дегенмен аяқталмай қалған іс бар деген сезім жоқ. Өз бағдарламамды орындадым деп ойлаймын, – деді Азат Перуашев.
Саясаткер партия алдағы уақытта өңірлік саясатқа көбірек көңіл бөлетінін айтты.
– Съезде Дания Еспаева партия бағдарламасын талқылау кезінде өңірлердегі жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Осы уақытқа дейін біз негізінен макроэкономика, мемлекеттің экономикаға араласуы, салаларды реттеу, салық кодексі мен бюджетаралық қатынастар сияқты жүйелі мәселелерге назар аудардық.
Ал шағын және орта бизнес мәселелері көбіне өңірлермен тығыз байланысты. Сондықтан өңірлік саясатты күшейтіп, жергілікті мәслихаттардағы «Ақ жол» фракцияларының жұмысын жандандыру қажет деген пікірмен толық келісемін, – деді ол.
Перуашевтің айтуынша, бұл бастама өңірлерден келген делегаттардың қолдауына ие болған.
– Біздің партиядан екі жүзден астам мәслихат депутаты бар. Олардың көпшілігі тұрақты комиссияларды басқарады, өңірлерінде беделді кәсіпкерлер әрі қоғам қайраткерлері ретінде танылған.
Бұл артықшылықты әрі қарай дамыта беру керек. Сондықтан өңірлік жұмысты күшейту идеясы делегаттарға бірден ұнады, – деді ол.
Сұхбат соңында Азат Перуашев алдағы жылдардағы маңызды реформалардың бірі туралы пікір білдірді.
– Атқарылған жұмысқа көңілім толады. Партияның жоғары деңгейдегі қолдауға ие болуы, Мәжілісте тұрақты өкілдік етуі – соның дәлелі.
Бірақ болашаққа қатысты тағы бір маңызды міндет бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында парламенттік партиялардың өкілдері Үкімет құрамында және өңірлік атқарушы билік құрылымдарында да болуы керек екенін айтқан еді.
Меніңше, бұл Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан конституциялық реформалардың логикалық жалғасы. Құрылтай сайланып, Халық Кеңесі құрылғаннан кейін осы маңызды реформаның да кезегі келуі мүмкін, – деп түйіндеді Азат Перуашев.