Мәдениет үйлері мен заманауи музейлер: Қазақстанда мәдениет саласын дамыту жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр

Мәдениет үйлері мен заманауи музейлер: Қазақстанда мәдениет саласын дамыту жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мәдени инфрақұрылымды дамыту және мәдениет мекемелерінің қызметін көпшілікке кеңінен ұсыну бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылады.


Бүгінде елімізде 7 445 мәдениет ұйымы бар. Бұл салада 56 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Мемлекет жаңа мәдениет нысандарын салуға, қолданыстағы мекемелерді жаңғыртуға және олардың материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға жүйелі түрде көңіл бөліп келеді.


Кейінгі бес жылда елімізде 274 мәдениет нысаны пайдалануға беріліп, тағы 1 293 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 2026 жылы 64 нысанның құрылысы жалғасып, тағы 130 нысан жаңартылып жатыр. 


Театр өнерін дамыту – саладағы негізгі басымдықтың бірі. Кейінгі жылдары Астана, Түркістан және Петропавл қалаларында жаңа театр ғимараттары салынды. Қазір Ақтөбе мен Қонаев қалаларында драма театрларының құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар Шымкент, Қызылорда және Семей қалаларында жаңа театрлар салу жоспарланған. Бұған қоса Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ғимараттарын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Музей саласында да бірқатар жоба қолға алынды. 2025 жылы Астанада жаңа Өнер музейі ашылды. Түркістан және Алматы облыстарында «Сауран», «Гауһар ана» және «Есік» визит-орталықтарының құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар көне Бозоқ қалашығының негізінде ашық аспан астындағы ұлттық парк құру жобасы жүзеге асырылып жатыр.


Әбілхан Қастеев атындағы ұлттық өнер музейі, Алматыдағы Орталық мемлекеттік музей және Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры жаңартылды. Мұндай жобалар тарихи-мәдени мұраны сақтауға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, көрме және сахна жұмыстарының сапасын арттыруға да мүмкіндік береді.


Саладағы басты бағыттардың бірі – мәдениет үйлерін дамыту. Бұл мақсатта «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп, өңірлердегі мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Мәдени инфрақұрылымды дамыту білікті мамандар даярлау ісімен де тығыз байланысты. Осы бағытта Алматы қаласында шығармашылық бағыттағы оқу орындары студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды. Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің ғимараты жаңғыртылып жатыр. Бұдан бөлек Алматы мен Астанадағы үш мамандандырылған музыка мектебіне арналған жаңа ғимараттар салу мәселесі пысықталады. 


Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында жаңа Мәдениет және өнер университетін құру жұмыстары қолға алынды. Жаңа оқу орнында мәдениет саласындағы заманауи және техникалық мамандықтарды дамытуға басымдық берілмек.


Сонымен қатар Петропавл қаласында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің филиалын ашу жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар сапалы білімге жол ашып, мәдениет саласының кадрлық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.