Совминкада жаңа медициналық ғимараттар бой көтереді

Совминкада жаңа медициналық ғимараттар бой көтереді

ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі аумағында жаңа медициналық ғимараттарды кезең-кезеңімен салу арқылы ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба аясында инфрақұрылымның бір бөлігін жаңарту және заманауи көпсалалы медициналық кешен құру көзделген.

Техникалық зерттеу қорытындыларына сәйкес, 1950-1970 жылдары салынған жекелеген ғимараттардың физикалық тозу деңгейі жоғары екені және олардың қауіпсіздік, сейсмикалық тұрақтылық пен емдеу үдерісін ұйымдастыру бойынша қазіргі заманғы талаптарға толық сәйкес келмейтіні анықталды. Тексеру барысында құрылыс конструкцияларындағы жарықтар, сондай-ақ инженерлік желілердің едәуір тозғанын көрсететін белгілер тіркелді. 

Сонымен қатар техникалық жай-күйге жүргізілген қосымша бағалау нәтижесінде 2024 жылы орын алған сейсмикалық әсерлерге байланысты кейбір ғимараттарда зақымданулар анықталды.

Осыған байланысты қолданыстағы ғимараттардың орнында жаңа медициналық ғимараттарды кезең-кезеңімен салуды және инфрақұрылымды кешенді жаңартуды көздейтін жаңғырту жобасын іске асыру туралы шешім қабылданды. Жоспарланған шаралар науқастар мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасауға, жоғары технологиялық медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтуге және денсаулық сақтау саласын халықаралық заманауи стандарттарға сәйкес одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар барлық жұмыстар «Совминка» қызметін толық тоқтатпай жүргізіледі. Бейінді бөлімшелерді басқа медициналық ұйымдарға көшіру жоспарланбаған. Ұжым толық құрамда сақталады, ал пайдалануға жарамды медициналық жабдықтар медициналық көмек көрсету барысында әрі қарай қолданылады.

Ұлттық госпиталь аумағында жаңа медициналық ғимараттарды салу жұмыстары бірнеше кезең бойынша жүргізіледі.

Құрылыстың басталуы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған. Жобаның бірінші кезеңін аяқтау 2028 жылға көзделсе, жобаны толық іске асыру 2029 жылы аяқталады.

Жоба толық аяқталғаннан кейін Ұлттық госпиталь заманауи медициналық технологиялармен жабдықталған, жаңартылған операциялық бөлімшелері, жайлы палаталары және заманауи инженерлік инфрақұрылымы бар медициналық орталыққа айналады. Медициналық үдерістерді басқарудың цифрлық жүйелерін, интеллектуалды навигацияны, медициналық логистика саласындағы заманауи шешімдерді енгізу, сондай-ақ науқастар, келушілер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы, қауіпсіз әрі функционалды орта қалыптастыру жоспарланып отыр.

«Бүгінде медициналық инфрақұрылым жайлылық талаптарына ғана емес, қауіпсіздік талаптарына да толық сай болуы тиіс. Біз күн сайын көптеген науқастар мен медицина қызметкерлерін қабылдайтын ғимараттар туралы айтып отырмыз. Сондықтан госпитальді жаңғырту - медициналық көмекті одан әрі дамыту және заманауи емдеу стандарттарын енгізу жолындағы қажетті қадам», - деді ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінің директоры Асхат Бралов.