Баку құрылтайының 100 жылдығы: ҚазҰУ-да түркологияның жаңа бағыттары талқыланды
2026 ж. 21 мамыр
42
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Баку І түркология құрылтайының 100 жылдығында: түркология және түркі әлемі» атты халықаралық симпозиум өтті.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1926 жылы Баку қаласында алғаш рет түркология саласының ғалымдары мен сарапшылары бас қосқан болатын. Бұл жиын түркі әлемінің ғылымы, әліпбиі, тілі мен мәдениетін дамытудағы ең ірі тарихи оқиғалардың біріне айналды. Құрылтай жұмысына Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Елдес Омаров секілді қазақ зиялылары қатысып, қазақ тіл білімінің дамуына негіз қалады. Бүгінде ҚазҰУ-да өтіп жатқан ауқымды ғылыми шара осы Баку түркология құрылтайының 100 жылдығына арналды.
Симпозиум жұмысына ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Қубанычбек Өмүралиев, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, TÜRKSOY бас хатшысы Сұлтан Раев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келген түрколог ғалымдар, халықаралық ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты.
Іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Мәлік Отарбаев оқыды. Хатта: «Арада бір ғасыр уақыт өтсе де, өзінің тарихи маңызы мен бірегейлігін жоймаған Баку құрылтайы – бауырлас халықтардың ғылыми, мәдени және рухани тұтастығына берік іргетас қалаған айтулы белес. Осынау тарихи жиында күн тәртібіне қойылған ортақ әліпби қалыптастыру, тіл бірлігі, мәдени мұраны түгендеу және ғылыми ықпалдастықты тереңдету мәселелері бүгінгі жаһандану дәуірінде де өзінің өзектілігін толық сақтап отыр. Алматы төрінде бас қосқан халықаралық симпозиум ата-бабаларымыздың ғылыми мұрасын заманауи пайыммен қайта зерделеуге, түркологияның жаңа бағыттарын айқындауға және ортақ интеллектуалды кеңістікті дамытуға зор серпін береді деп сенемін», – делінген.
Халықаралық шарада ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев оқу орнында түркітану саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
«Қазіргі XXI ғасырда тілдік мұраны сақтау тек архив пен кітапта ғана емес, жасанды интеллект жүйелері мен цифрлық платформаларда жалғасуы тиіс. Осы ретте, университетте іске қосылған жоғары өнімді суперкомпьютерлік кластер үлкен деректерді өңдеуге және цифрлық гуманитаристика саласын ілгерілетуге жаңа серпін берді. Ортақ мұраны ұлықтау мақсатында университетімізде Түркітану және алтайтану институты, Жазба жәдігерлер орталығы жемісті жұмыс істеп келеді. Өткен жылы ашылған академик Әбдуәли Қайдар атындағы Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы орталығы бауырлас елдердің академиялық ықпалдастығын жаңа деңгейге көтерді», – деді ректор.
Өз кезегінде Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев түркология ғылымының дамуындағы жаңа ғылыми бағыттар мен түркі әлемінің интеллектуалдық интеграциясының маңызына тоқталды.
«Жаһандану үдерісі қарқын алған сайын түркі әлемінің ортақ құндылықтарын ғылыми тұрғыдан зерттеу, сақтау және келешек ұрпаққа жеткізу бұрынғыдан да маңызды бола түсуде. Қазіргі таңда түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл үдерісте түркология ғылымының рөлі айрықша. Ортақ тарих, тіл, әдебиет, терминология, этнография және мәдени мұра салаларында жүргізіліп жатқан зерттеулер бауырлас халықтар арасындағы ықпалдастықты нығайта түсуде», – деді академик Шаһин Мұстафаев.
Елші Қубанычбек Өмүралиев түркі мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы академиялық ынтымақтастықтың рөліне назар аударды. TÜRKSOY бас хатшысы Сұлтан Раев түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын сақтау және насихаттау мәселелері жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова түркі әлемінің материалдық және материалдық емес мәдени мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.
Симпозиум аясында түркология ғылымының өзекті мәселелері, цифрлық гуманитарлық зерттеулер, жасанды интеллект пен түркологияның байланысы, түркі халықтарының әдебиеті мен фольклоры, археология, этнология, өнер тарихы, мәдени дипломатия және түркі әлемінің интеграциялық үдерістері кеңінен талқыланды.