МҰРАТТЫҢ МҰНЫСЫ НЕСІ?

d0bcd183d180d0b0d182-d0b0d183d0b5d0b7d0bed0b2-d184d0bed182d0be-1

Гәзетіміздің тілшісі белсенді авторымыз – белгілі жазушы-жорналшы Ғаббас Қабышұлына телефон шалып, бірер сұраққа жауап беруді өтініп еді. Жедел жүргізілген осы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

-Ғаб-аға, сәлеметсіз бе?

-Құдайға шүкір. Өздеріңде не жаңалық, не жақсылық?

-Сізге қоймақ сұрағым бар еді.

-Құлағым өзіңде.

-«Қазақстан халықтарының ассамблеясы», оның «Ел бірлігі» деген доктринасы туралы пікіріңіз сол қалпында ма?

- Әрине. «Ел бірлігі» доктринасы десек, қазақ жерінде сонау ертеде болып қайтқан шетелдік саяхатшы-ғалымдар да, олардан бертінде болған меймандарымыз да ауызша-жазбаша сүйіне атап көрсеткендей, қазақтың табиғи мейманқостығы мен кеңпейілділігі және кешірімділігі, көнбістігі арқасында қазақстандықтар өзара ешбір алыс-жұлыссыз өмір сүріп келеді. Яғни, бірлігі баяғыда қалыптасқан елдің «бірлігін қалыптастыруды көздеген доктрина» деген бірдеңе пайда болды ғой. Оны шығарып отырған «Қазақстан Халықтарының ассамблеясы» дегеннің өзі немене? Қазақ жерін мекендеп отырған  ұлыстардың бәрінің де Мәдени орталығы бар, олар шеше алмаған ұлт-ұлысаралық мәселе болған жоқ, ал «болды» дегеннің өзінде ол орталықтар жүгінетін аудандық, қалалық, облыстық Мәдениет департаменттері, одан жоғарыда облыстық әкімдіктер, одан жоғарыда министрліктер, одан жоғарыда қос шатырлы парламент, одан да жоғарыда президент бар. Сірә, солардың ешқайсысының пәрмені мен дәрмені жетпейтін ұлыс-ұлтаралық мәселелер болып жатқан соң ассамблея құру керек болған-ау! Бұл ассамблея – киіз үйге бүйірінен тағы бір шаңырақ орнату!

-Доктринаның ғажаптығын насихаттаушылар қатарына Әуеэов Мұрат ініңіз де қосылды. Конституциядан гөрі өрісі кең, өресі биік дегендей пікір өрбітті.

-Мұраттың онысы несі екен... Конституция – қысқа да нұсқа құжат, бірақ оның баптарынан бүкіл тірлігімізге қажет қағидаларды таратып айтуға болады. Доктрина-моктрина дегендерді ойлап табу - әсіребілгіштердің ермегі. Ол ертең-ақ жайына қалады. Бізде қабылдануынан ұмытылуы жылдам шешім көп емес пе, сәл шыдалық. Ал Мұрат қашан, қайда айтқан?

-«Свобода слова» гәзетінің 18-наурыздағы санында жарияланған, «Не им, бандерлогам, править бал!» деген сұхбатында.

- Мен білетін Мұрат өйтіп тым дөрекі тақырып қоймаса керек еді, сірә, редакцияның айғай-сүреңшіл біреуі қойған шығар. Мұраттың иі жұмсақтау, көнген ғой.

-Ал «бандерлог» дегені не сөз?

-Ағылшын Киплинг деген жазушы болғанын білесің ғой, Бомбейде туып-өскен. Соның бір әңгімесінде маймылдардың бандерлог дейтін түрі туралы айтылады. Мұрат оны неге жаратып қолданды екен?

-Мақаласы көлемді, гәзеттің екі бетін алып жатыр.

-Көрген жоқпын.

-Аға, телефон шалып мазалау себебім: сізге сол мақалаға байланысты бірнеше сұрақ қойғым келді.

-Негізгі бір-екі сұрақ та жетер, көбейтіп қайтесің.

-Анау аласапыран жылдары Қарағанды лагерінде отырып шыққан, бүгінде әулие атанып жүрген Севастьян дейтіннің: «Наполненная кровью мучеников и освященная их молитвами бесконечная степь Казахстана» деген сөзіне жүгінген Мұрат Әуезов былай депті: «Если бы у меня была такая возможность, то в преамбулу доктрины народа Казахстана, я бы с легкой душой включил бы слова старца Севастьяна».

-Жетіскен екен! «Халық жауы» деген жаламен айдалып, әйтеуір, аман оралған жайсаңдарымыздың, мысалы, Қайым  Мұхамедханов ағамыздың қарасөзбен де, өлеңмен де паш еткен ойлары севастьяндардың сөздерін он орап алады. Оларды оқымай, қазағын орысқа теліген екен ғой? Мұраттан ондайды күтпеп едім.

-Тағы оқиын: «Очень показательны нападки людей с психологией бандерлогов на Олжаса Сулейменова...

-Тоқтай қал. Олжас туралы басқа да сөздері болса, жиып-теріп бір-ақ айтқайсың, шашыратпай.

-Ендеше, теріп-теріп оқиын: «И эти злобные карликовые нападки происходят в Алма-Ате... До сих пор помню строки из первого сборника Сулейменова «Аргамаки»: Бросим робким тропам грохот копыт в лицо... По ряду вопросов я не согласен с Олжасом. Нно я видел и помню, в каких условиях создавалась книга «Аз и Я». Тогда Сулейменов отважно шел по лезвию ножа... Олжас поэт от Бога... у Олжаса Сулейменова есть кодекс мужской чести, и он давно доказал, что стоит выше власти...

          Айтпақшы, бұл пікірлерінің «кіріспесінде» мынадайы бар: «В последнее время они активизировались, что проявляется в нападках на подлинных творцов». Мұнысындағы «они» дегені - әлгі «бандерлогиі».

-Кешіргін, тоқтай қалғын. Арғы жағы белгілі. «Культуролог» дегенді «мәдениеттанушы» деуші ме едік, сондай атағы бар Мұраттың аузынан: «бандерлоги», «злобные карликовые нападки» деген сөздер шықты дегенге сенгім келмейді, жоқ! «Карликиді» сонау бір жылы Олжас айтқан. Өзін нигилист деп сынағандар туралы. Олжасты ешкім беталды, жазықсыз сынап жүрген жоқ. Меніңше, кім болса да, бір кезде өзі жақсы көрген, әлі де оны-мұны ағаттыққа қимайтын адамының теріс сөз-ісіне ренжігендіктен ауызша не жазбаша сынап-мінейді, адаспаса екен дейді. Ал, ақын ағаң оны ойламайды, егер ойласа, өз қателігін, ағаттығын мойындар еді. Жаңа сен «в Алма-Ате» деп оқыдың ғой, ақын ағаңның соңғы қиғаш пікірлерінің бірі сол – Алматыны қайтадан «Алма-Ата» деп атау керек, жалпы қала аттарын қазақ қазақша, орыс орысша жаза берсін дегені. Халықты тобыр деп атаған сұхбатында солай депті.

- Оқыдым.

- Ол Петропавловск мен Павлодар қалаларының ежелгі қазақ аттарын жоқтамайды, сірә, оның ойынша, қазақ даласын жоңғарлардан аман сақтап қалғандар сол Петр мен Павел болса керек... Ал менің оған алғаш ренжу себебімді білесің, алайда ұмытып қалған, немесе естімеген оқырмандарың үшін қысқаша айтып өтейін. Қазақ жеріне қасірет әкелген Семей полигонын жабу үшін күресті ресми бастаған адам Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев болды. Олжас бастаған «Невада-Семипалатинск» қозғалысы соның дүмпуімен бір аптадан кейін құрылды. Осы жақында ғана қадірлі қарт қайраткер ағамыздың аузынан естігенімдей (ол ақсақалдың аты-жөнін атауыма әзірше келісімі жоқ), қозғалыстың атын қойған да, оған Олжасты жіберген де – Нұрсұлтан Назарбаев. Кешірімнің былайша жазғаны бар: «Алматыда дауысқа түскен Олжас қиындыққа ұшырапты. Министрлер Кеңесінің төрағасы Назарбаев маған телефон шалып, жағдайды айтып, Олжас Сүлейменовті Семей облысынан депутаттыққа өткізуімізді өтінді. «Сүлейменов сізге көмектеседі.Полигонға қарсы күресте жақсы жәрдемші болады» деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ертеңінде Колбин телефон соғып, ол да сондай тілек айтты» («Семей полигоны» кітабы). Көзі тірі Кешірімге ештеңе демеген ақын бертінде марқұмның әруағынан аттап кетіп: «Полигонды жабу жолындағы күрестің алдыңғы шебінде ол болған жоқ!» деп шыға келді. Онысын әлі күнге қате демейді.

-Неге олай?

-Президент Назарбаевтың жеке басына табынудай болмаса да, ақын Олжастың жеке басына табыну да әжептәуір бар. Сондай қолпашқа еті үйренген кісі «соқыр ұстағанынан айрылмайды, саңырау естігенінен жаңылмайдының» керін құшып жүреді.

         Олжастың шығармаларындағы: дала, арғымақ, қыпшақ, тағы басқасына тамсанушылар –қазақтың өзін, даласын, тірлігін көріп-білмеген сырттағылар. Іштегілер болса, олар – қала қазақтарынан шыққан шала қазақтар, бұрынғы-соңғы ақындарымыздың не жазғандарынан бейхабарлар. Ауызша, жазбаша әдебиеттерімізде қалыс қалған қазақы тақырып жоқ. Мысалы, Абайдың аруағын мазаламай-ақ, мысалы, Мәуленов Сырбай ағамызды еске алсақ, ол «қазақ поэзиясының Құлагері» деп мақтаныш еткен Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» дастанындағы арғымақ олжастардың арғымақтарынан кем деп кім айта алады? Құлагердің сымбаты, ол замандағы тірлігіміздің ахуалы қазақ емес оқырманға белгісіз десек, оны дастанның ең болмаса өзіміздегі орыс оқырмандарды тамсантардай дәрежеде аударылмағанынан көрейік. Жалпы бар ғой, Олжас Сүлейменов қазақ поэзиясына ешқандай жаңалық енгізе алған жоқ, енгізе алмайды да. Ол, - ең шірегеннің өзінде, - Қазақстанның орыстілді ақыны.

         Ағаңның көпке танылуына бірден-бір себеп «Адамға табын, Жер, енді!» өлеңі болды. Ғарыш әлемінің есігін алғаш ашқан Юрий Гагаринге тайлы-таяқтымыз түгел уралап қол соғып, төбеміз көкке жеткен. Ортақ отанымыз КСРО-ның АҚШ-қа шаң қаптырып кеткеніне масаттанғанбыз, яғни ол оқиға ғылымидан бұрын саяси жеңіс болды, Олжас өлеңі басылған парақшаны көктен шашудың негізгі себебі де сол еді. Ал той-томалақ қызуы өлеңнің тақырыбы мен түйініндегі қателікті аңғартпады. Ол қателік Адамзаттың Анасы – Жерге: - Балаңа табын! - деп бұйрық беру. «Табын!» - түпнұсқадағы «поклонисьтің» тым өктем баламасы, аудармашы ағаттықты асырып жіберген, алайда «поклонись» - «басыңды ій» де Анаға айтылмауға тиіс еді. Қазақта: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де, перзенттік борышыңды өтей алмайсың» деген ғажап ескертпе-нақыл бар. Саяси жайлау төріне шыға қалған ақын да, оның аудармашысы мен қолпаштаушылары да осыны ескермеді.

Мұрат кейбір келіспеушілігі барын айта назар аударған «Аз и Я» кітабын алсақ, ол кітап маңында айғай-сүрең көп болғаны белгілі. Біз, тағыда тайлы-таяқтымыз қалмай, Олжасты қолдадық, қорғастық, намысқа шаптық. Әлі де жақтаушылар аз емеспіз. Мен бұл кітапқа баға беруден аулақпын, тек атақты ғалым Лев Гумилевтің пікірлерінен бір ғана үзінді ұсынайын. Ғалым «Спор с поэтом» деген мақаласында, әне, қол жетер жерде екен, қазір алып, мен де оқып берейін... мінеки: «...По поводу статьи А. Кузьмина «Точка в круге, из которой вырастает репей». Журнал «Молодая гвардия», 1975-год,№12. Олжас Сулейменов написал книгу «A3 и Я» (Алма-Ата, 1975), чтобы «вместе с раздражением чувств читателя вызвать и раздражение мысли». Читая отклик Кузьмина на эту книгу, видишь, что Сулейменову удалось выполнить только первую часть задачи. Количество фактических ляпсусов в книге Сулейменова превышает число страниц (304)... Вместо того чтобы отметить десяток-другой фактических ляпов и тем самым показать, что перед читателем поэтическая мистификация, Кузьмин пускается в длинное рассуждение о преимуществе диалектического материализма над позитивизмом, что само по себе верно, но в Советском Союзе ни для кого не ново и, главное, не имеет никакого отношения к эмоциональным фантасмагориям Сулейменова. Огюст Конт никогда не предлагал смотреть на историю «глазами поэта...».

-Қатты айтқан екен.

-Қатты болсын, жұмсақ болсын, - көзі жеткен шындықты айтса болды емес пе? Енді ақын ағаңның және бір «білгіштігіне» тоқталайын да, сонымен сұхбатымызды шиыралық, жарай ма? Айтпақшы, Мұраттың оны атап көрсетпесе де «творец», «стоит выше власти» дегенін мүлде түсінбедім. Олай әспеттеуге дәлелі қайсысы? «Творецтен» бұрын дворецке бейімделген ақын биліктің қай ағаттығын қашан, не деп айтып, одан қалайша биік тұрды екен? Әлде президент Назарбаевтың: Қазақта шекара болған емес, бүгінгі шекарасында мемлекеті болған жоқ, деген қисынсыз, қиянат пікірін дереу қуаттап сөйлегені биік тұрғаны ма?

-Онысы ыңғайсыз болды-ақ.

-«Биліктен биік» ол астамшылдыққа ұрынғалы қашан?! Мысалы, оның былтыр «Свобода слова» гәзетіндегі кезекті бір сұхбатында:«В казахской литературе нет ни одной строчки о голоде 1932-1933 годов» деп мәлімдегенін ұмыта қоймаған шығарсың. Әдетінше, білмейтінін біліп болғандай тұжырып айтты. Көзі қарақты қазақ бізде ол зұлмат кезең жайында ыза-наза толы өлең, әңгіме, дастан, хикая жазылғанын жақсы біледі. Тіпті белгілі ақын Жақан Сыздықов «Әли қарттың әңгімесі» атты батыл да шыншыл шығармасы үшін шырғалаңға тап болды емес пе?!.. «Биік» Олжас соның бәрін бір-ақ сөйлемімен жоққа шығарып бақты, қазағының әдебиетіне қара сойыл жұмсады. Жарайды, қазағын оқи алмай-ақ қойсын, алайда публицист жазушымыз Валерий Михайлов «Хроника великого джута» деген нақты зерттеу хикаясын шығарды. Олжасқа керек орыс тілінде. Бірақ ақын одан да бейхабар екен.

-Иә, ол мәлімдемесі мәнсіз болды.

-Мәнсіз мәлімдемесінің енді біріне құлақ сал. Ол бір сөзінде: «Сонау 1984-жылы Жазушылар одағында қазақ тілін қорғауға арналған ең бірінші жиынды ұйымдастарған Олжас Сүлейменов емей, кім еді? Оған қатысқан адамдар, құдайға шүкір, арамызда жүр ғой» деді. Жақында, «Егемен Қазақстан» гәзетінің бетінде. Бұл – бірінші болуға құмартып жүретін ақынның кезекті бір желпінісі. Бұлай деу себебім: қазақ тілінің күш-қуаты, байлығы, тазалығы, мәртебесі хақында мақала жазу, жиын өткізу басталғанда Олжас бұл жарық дүниеге келмеген де екен. Оның бәрін тізбей, бертінгі біреуін ғана келтірсем: сөз зергеріміз Ғабит Мүсірепов 1969-жылы «Қазақ әдебиеті» гәзетінде «Авгийдің атқорасынан бастайық!» деген мақала шығарып, соның аясында қазақ тілі жөнінде кеңінен пікір алысу болды, көптеген мақала жарияланды. Сол Ғабең, егер жаңылмасам, 1973-жылы қазақ тілінің хал-ахуалы жөнінде Жазушылар одағы басқармасының арнаулы пленумын өткізуге мұрындық болып, пленумда өзі баяндама жасады. Ол екі оқиғаға куә қаламдастардың бірі мен, құдайға шүкір, әзірше бармын. Қазақ әдебиетінің тарихынан хабардар кісі Ғабеңнің ол еңбегін ұмытпаса керек-ті! Тіл туралы әңгіме-пікір сонымен тынып қалған жоқ, одан бүгінге дейін неше мақала жазылғанын арнайы зерттеушілер біледі. Ал қазақ тілін «ең біріншіқорғаған» Сүлейменов орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беріп, оны ол мәртебеге Конституция бойынша

ие болған қазақ тілімен теңестіруді әлі көксеп жүр. Мұның бәрін бес саусағындай білетін Мұраттың Олжасты шашбаулай қалғанын шынында түсіне алмадым. Осымен тоқталық, ә?

-Жақсы! Әңгімеңіз үшін рахмет!

 

Гүлмира САДЫҚОВА