Аида Балаева Мұхтар Шаханов неге Арыстан баб кесенесінің аумағына жерленбейтінін түсіндірді
2026 ж. 20 сәуір
98
0
Кеше, 19 сәуір күні Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасында өмірден өткен болатын. Бүгін әлеуметтік желіде ақынның жары Ханшайым Шаханованың Мұхтар Шаханов хәл үстінде жатқанда жазған хаты таралды. Марқұмның жары Халық жазушысының соңғы аманаты – өзін Арыстан баб кесенесіне жерлеу болғанын айтып еді.
Кейін белгілі болғандай, ақын ертең, 21 сәуір күні Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленеді. Осыған байланысты бірқатар қоғам белсенділері өз пікірін айтқан.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Azattyq Rýhy редакциясына осы мәселеге қатысты комментарий берді.
«Аида Ғалымғызы, қазір әлеуметтік желіде Мұхтар Шахановтың жерленетін жері туралы түрлі болжам айтылып жатыр. Осыған байланысты, нақты ақпарат бере аласыз ба?», - деп сұрадық министрден.
Сұраққа жауап бере келе Аида Балаева Арыстан баб кесенесі қазір туристік нысан болғандықтан, оның аумағынан жаңа зираттар қазу – адамгершілік тұрғысынан да, діни тұрғысынан да дұрыс болмайды деген пікірін айтты.
«Біріншіден, өз ғұмырын ұлт руханиятына арнап, өскелең ұрпаққа мол мұра қалдырған ақынымыздың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Сұрақ жауабына көшсек, сөз жоқ, елімізде Мұхтар Шахановтай тау тұлғаға мәңгілік мекен болуға лайықты жер көп. Десе де, бүгінгі еліміздің мұраты – әділетті қоғам құру болса, берекесі – сол қоғамда заң мен тәртіпті сақтауда. Бүгінде Арыстан баб кесенесі де, оны қоршаған ескі қорым да мемлекеттің қорғауындағы нысандар. Иә, бұрын зиярат ететін жер болса, қазір бұл – тарихи мұрамыз. Арыстан баб пантеон-зираты емес, ол ең алдымен үлкен мәдени-рухани орталық, туристік бағытқа енген тарихи-мәдени нысан. Сондықтан ол жерге жаңа зираттар қазу адами тұрғыдан да, діни тұрғыдан да дұрыс болмайды деп санаймыз. Ал Мұхтар ағамызды тұлға қылған, ортасын кеңейтіп, рухын шыңдаған қала, зиялылардың ортасы – Алматы қаласы. Сондықтан артынан іздеп, дұға жасайтын жамағат ұлыларын Кеңсайдан табады. Ақынның туыстары осы мәселеге түсіністікпен қарайды деген сенімдеміз», - деді Аида Балаева.