50-ден аса әкім «тақтан» түседі

                  «А» корпусы аламанында мыңнан тұлпар ғана озады Ел құлағы Елордадағы дүбірге түрулі. Мемлекеттік қызмет қаймағындағы қызметкерлерді іріктейтін сындарлы сынақ әлі жалғасып жатыр. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменовтің сөзіне қарағанда, елімізде күзге дейін 50-ден аса қала және аудан әкімдері қызметімен қош айтысады. Сондай-ақ, агенттік төрағасы мемлекеттік қызметкерлердің элиталық корпусында емтихан тапсыру кезінде жүрек талмасына (инфарктқа) ұшыраған үміткерлер болмағандығын айтты. Ал, қан қысымы көтерілген кейбір үміткерлерге жедел түрде медициналық көмек көрсетіліпті. «Кейбір мемлекеттік қызмет­керлерді бұл жан күйзелісіне ұшыратыны түсінікті жағдай, өйткені, олардың біразы ешқашан сынақ тапсырып көрмеген. Кейбірінің компьютермен жұмыс жасай алмайтындығы да жасырын емес. Бірақ, біз оларға дайындалуға мүмкіндік бердік. Әрбір облыс аймағында арнайы дайындық курстары ұйымдастырылды. Қызметіне жауаптылықпен қарап, тыңғылықты дайындалғандар сынақты ойдағыдай тапсырып шықты. Байқауда көптеген квалификациялық талаптар болғанымен, оның деңгейі нақты бағаның көрсеткіші бола алмайды. Мен бұл көрсеткішті нашар дей алмаймын, өйткені, ол іріктеудің қатал болғаны мен тесттің күрделілігін көрсетіп тұр. Бұл ретте шекті деңгейді еңсеру үшін үміткертардың әрбір заң бойынша мүмкін болатын 10 сұрақтың 7-іне дұрыс жауап беруі ешқандай қиындық туғызбауы қажет», – деп атап өтті агенттік төрағасы. А корпусы аламанындағы тестілеуден өткен соңғы күндердің нәтижесі туралы мәліметті назарларыңызға ұсынуды жөн санадық. 20 мамырда тестілеудің өт­кен қорытындысы бойынша 167 үміткердің 92-сі Қазақстан Рес­публикасының заңнамасын білуіне тестілеуді табысты тапсырды. Заңнаманы білуіне шекті мәннен 75 үміткер немесе тестілеуге қатысушылардың жалпы санынан 44%-ы өтпеді. 22 мамырда тестілеудің өткен қорытындысы бойынша 169 үміткердің 115-і Қазақстан Республикасының заңнамасын білуіне тестілеуді табысты тапсырды. Заңнаманы білуіне шекті мәннен 54 үміткер немесе тестілеуге қатысушылардың жалпы санынан 31%-ы өтпеді. 23 мамырда тестілеудің өткен қорытындысы бойынша 165 үміткердің 98-і Қазақстан Республикасының заңнамасын білуіне тестілеуді табысты тапсырды. Заңнаманы білуіне шекті мәннен 67 үміткер немесе тестілеуге қатысушылардың жалпы санынан 40%-ы өтпеді. 25 мамырда тестілеудің өткен қорытындысы бойынша 162 үміткердің 99-ы Қазақстан Республикасының заңнамасын білуіне тестілеуді табысты тапсырды. Заңнаманы білуіне шекті мәннен 63 үміткер немесе тестілеуге қатысушылардың жалпы санынан 38%-ы өтпеді. 26 мамырда тестілеудің өт­кен қорытындысы бойынша 47 үміткердің 25-і Қазақстан Республикасының заңнамасын білуіне тестілеуді табысты тапсырды. Заңнаманы білуіне шекті мәннен 22 үміткер немесе тестілеуге қатысушылардың жалпы санынан 46%-ы өтпеді. Заңнаманы білуіне тестілеуден өткен үміткерлер жеке және басқарушылық құзыреттерін (әдептілік, коммуникативтілігі, бәсекеге бағдары және сапаға бағдарын) анықтау тестіне жіберілді. Екінші күні үміткерлер логикалық вербальды емес тесттен (Равенна кестесі) және мемлекеттік тілді білуіне тесттен (ҚАЗТЕСТ) өтеді. Елді елеңдеткен дүбірлі доданың нақты қорытындысы туралы мәліметті газетіміздің алдағы санынан және www.qazaquni.kz сайтынан оқи аласыздар.