Жаңару мерекесі: адам, қоғам, табиғат
2026 ж. 11 сәуір
63
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы заманауи трендтер мен ұлттық құндылықтар тоғысқан кең көлемде тойланды.
«Әз Наурыз – тазару, жаңару бастауы» атты мерекелік шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, елшілер мен консулдар, дипломаттар, БАҚ өкілдері, оқу ордасының түлектері, оқытушы-профессорлық құрам мен білім алушы жастар қатысты.
Университет қалашығында киіз үйлерден этноауыл бой көтеріп, келушілерге қазақ халқының қонақжайлылығы мен мәдениетін паш етті.
Мерекенің ашылуында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Өз сөзінде ректор ҚазҰУ-да өтіп жатқан мерекелік іс-шараның философиясы «Таза Қазақстан» идеясымен тікелей байланысты екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әз Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – бұл, ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы. «Таза Қазақстан» бастамасы – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы, ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс», – деп атап өткен болатын. Біз үшін бұл тек қоршаған орта емес, ең алдымен – сана мен ниеттің тазалығы, Отанға деген адалдық. Сондықтан биылғы тойымыз «Цифрлық Наурыз» форматында жаңаша кейіпте өтуде», – деді ректор.
Сондай-ақ Жансейіт Түймебаев университеттегі «Наурызнама» онкүндігінің нәтижелеріне тоқталды. Университет басшысының айтуынша, осы уақыт аралығында кампусты абаттандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы экологиялық мәдениеттің нағыз үлгісіне айналған. Ректор «Цифрлық Наурыз» тренді арқылы ата-баба дәстүрінің заманауи технологиялар тілінде сөйлегенін, қайырымдылық жәрмеңкелері мен ұлттық спортты насихаттау шаралары шетелдік студенттер үшін қазақ мәдениетінің бай мұрасын тануға үлкен мүмкіндік болғанын айтты. Сонымен қатар факультеттер мен кафедралар арасында ұйымдастырылған «Таза кампус» жобасының маңыздылығын атап өтіп, бұл бастама білім ордасын гүлдендірумен қатар, жастарды бірлік пен отансүйгіштікке тәрбиелегенін алға тартты.
Салтанатты жиын барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов құттықтау сөз сөйлеп: «ҚазҰУ – тек білім ордасы емес, ұлттық рухтың киелі шаңырағы. Бүгінгі «Таза Қазақстан» идеясымен үндескен мереке шаһардың мәдени өміріне ерекше серпін береді», – деп өз лебізін білдірді.
Шара аясында «Таза кампус» жобасының үздік номинация иегерлері марапатталды.
Мерекелік концерт барысында «Наурыз-думан» вокалдық-хореографиялық композициясы ұсынылды. Студенттер мен оқытушылар халық әндерінен попурри орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Әсіресе 100-ден астам өнерпаз қатысқан «Үш алыптың аманаты» атты поэзиялық қойылым Наурыздың рухани тереңдігін көрсетті.
Қонақтар этноауылды аралау барысында тұсаукесер, қыз ұзату және беташар сынды театрландырылған салт-дәстүрлерді тамашалап, мерекелік дастарханнан дәм татты.