Еліміздің төрт өңіріне су тасқыны мен қар көшкіні қаупі төніп тұр
2026 ж. 07 сәуір
131
0
Күннің жылынуы мен жауын-шашын Қазақстанның бірқатар өңірінде су басу мен қар көшкіні қаупін күшейтіп отыр, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.
Жамбыл облысы
5–7 сәуір күндері Жамбыл облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында қатты жаңбыр жаууы ықтимал, соған байланысты беткейлік ағын қалыптасып, өзендердегі су деңгейі көтеріледі деп күтіледі.
Су деңгейі қауіпті межеден асқан жағдайда өзен жайылмаларында орналасқан елді мекендерді, шаруашылық құрылыстарды және жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталады.
Қостанай облысы
4–7 сәуір аралығында облыс аумағында жаңбыр түріндегі жауын-шашын, кей жерлерде қатты жауын (облыстың оңтүстік-батысы, батысы және солтүстік-батысы) күтіледі.
Осыған байланысты су мөлшерінің артуы, қарқынды жерүсті ағынының қалыптасуы және қауіпті гидрологиялық құбылыстардың дамуы болжанып отыр. Атап айтқанда, аулаларды және шаруашылық нысандарын су басу, жергілікті маңызы бар автожолдардың кей учаскелерінен судың асуы, сондай-ақ ойпаң жерлерде су жиналуы мүмкін.
Алматы қаласы және Алматы облысы
6–10 сәуір аралығында қар жамылғысының қалың болуына және жылымық аясында жауын-шашын күтілуіне байланысты Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендері алаптарында қар көшкіні қаупі сақталады.
Мамандар ықтимал көшкінді қоздырып алмау үшін қар басқан беткейлерге шықпауға кеңес береді. Таулы аймақтарда аса сақ болған жөн.
Ақмола облысы
6–8 сәуір аралығында ауа температурасының оң көрсеткіште сақталуына байланысты (күндіз +18…+23°C, түнде +4…+9°C) облыстың оңтүстік және орталық бөліктерінде өзендердің мұзы толық сөгіліп, сең жүреді деп күтіледі.
Осыған байланысты өзендердегі су деңгейі көтеріліп, қауіпті межеден асуы мүмкін. Соның салдарынан еріген қар суы автожолдарды, елді мекендерді, тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстарды басуы ықтимал.