Ірі мұнай компанияларынан пара алған шенеуніктер туралы ақпарат тексеріле ме? - Protenge
2026 ж. 02 сәуір
50
0
Бүгін Бас прокуратура Джеффри Эпштейн ісіне қатысты материалдарды “Қазақстан азаматтары аталған ба, жалпы Қазақстан туралы не айтылған” деген тұрғыда тексеретіні белгілі болды. Ақыры осындай реакция бар болса, неге сонымен қатар ірі мұнай компанияларынан пара алған қазақстандық шенеуніктерге де баға берілмейді?
Бұл туралы protenge телеграм арнасы жазды.
Арнаның хабарлауынша, мұндай ақпаратты қаңтар айында Reuters таратқан екен.
Reuters не хабарлады?
Журналистердің мәліметінше, Қазақстан Үкіметі Қарашығанақ кен орны бойынша шығындарды бекіту кезінде шенеуніктерге пара берілгенін мойындаған. Бұл Стокгольм қаласында өтіп жатқан, миллиардтаған доллар дауланған халықаралық арбитраж аясында айтылған.
Reuters-тен бірнеше дәйексөз:
“Дереккөздердің айтуынша, қазіргі арбитраждық талқылау барысында Қазақстанның адвокаттары 2017 жылы Италияда қозғалған қылмыстық іс аясында алынған құжаттарды ұсынған. Ол істе бірнеше италиялық мердігер Қарашығанақ кен орны мен Қашаған кен орны жобалары бойынша тапсырыс алу үшін қазақстандық шенеуніктерге пара бергенін мойындаған. Құжаттарда субмердігерлердің кейіннен шенеуніктерге шығындарды негізсіз көбейтіп бекіту үшін, ал кей жағдайда жалған жұмыстарға жалған шоттар рәсімдеу үшін ақша төлеген схемасы ашылады”.
Төменде Reuters таратқан бірнеше цитаталар:
"Сот құжаттарына сәйкес, Қазақстан дәл осы италиялық материалдарды Женевада қаралып жатқан бөлек азаматтық талапта да пайдаланып отыр. Бұл талапта Женева қаласында Қарашығанақ пен Қашаған жобаларына қатысқан мердігерлерден заңсыз алынған және швейцариялық банктерде сақталған қаражатты қайтару көзделген”.
“Үкіметтің заңгерлері сондай-ақ АҚШ-та да талап-арыздар беріп, Eni мен ҚазМұнайГаз компанияларының бұрынғы басшысынан дәлелдер алуға тырысқан. Олардың айтуынша, бұл тұлға келісімшарт құнын негізсіз өсіруге байланысты жемқорлық схемалары туралы білген”.
Осыған байланысты, Рrotenge телеграм арнасы "осы мәліметтерді тексеріп, жауапты тұлғалар заң алдында тиісті жазасын алды ма, жоқ па?" деп түйіндеді өз жазбасын.
Еске сала кетейік, ҚР Бас прокурорының орынбасары Ерлан Өтегенов қазақстандық шенеуніктердің Джеффри Эпштейнмен байланысы жөнінде тергеудің барысы туралы айтқан болатын. Оның сөзіне қарағанда,тексеру депутаттық сауал аясында жүріп жатыр. Бұл ретте деректердің ауқымды көлемі қамтылып отыр.
– Үш миллионға жуық хабарлама бар және олар толық форматта емес. Қазір деректерді толық зерттеп жатырмыз. Бұл тұрғыда Қазақстан азаматтарына қатысты және жалпы Қазақстан туралы айтылған тұстары қаралады, - деді Е. Өтегенов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Ол осы іс бойынша бұрынғы Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Ұлттық банктің экс-басшысы Қайрат Келімбетовтің қатысы бар-жоғын тексеру жалғасып жатқанын айтты. Бас прокурордың орынбасары аталған тексерудің аяқталу мерзімін нақтыламады, - деп хабарлады Қазақпарат.