«Жошы ұлысы – Алтын Орда» залына келіңіз!
2026 ж. 30 наурыз
46
0
Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайында Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы маңызды кезеңге арналған «Жошы ұлысы – Алтын Орда» экспозициялық залы жұмыс істеп тұр. Салтанатты ашылу ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысуымен өтті.
Залдың басты мақсаты – музейге келушілерге ортағасырлық мемлекеттің тарихы мен мәдениетін көрсету және оның Қазақстан тарихындағы орнын айшықтау. Экспозицияға 200-ге жуық жәдігер қойылған: Олардың басым бөлігі Ұлытау мен Алматы облыстарынан табылған археологиялық қазбалардан алынған. Әр экспонат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сипатталған.
370 шаршы метрді құрайтын зал үш тақырыптық бөлімнен тұрады:
Қала мәдениеті – XIII-XIV ғасырлардағы тұрмыс, саяси құрылым және материалдық мәдениет; тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар, сирек олжалар.
Сүйек пен жібек – Шағатай ұлысы ақсүйектерінің жібек киімдері мен салтанатты киім үлгілері, алтын және күміс әшекейлер.
Әскери өнер – жауынгерлердің сауыт-саймандары, қару-жарақ сынықтары, Алтын Орданың әскери қуатын көрсететін заттар.
Мемлекеттік құрылымға арналған бөлімде Алтын Орданың басқару жүйесі, билеушілер шежіресі және Қазақ хандығымен тарихи сабақтастық көрсетілген. Сондай-ақ залда Ұлытау өңіріндегі Жошы хан мен Алаша хан кесенелерінің макеттері бар.
Экспозиция заманауи технологиялармен толықтырылған: сандық карталар, фото-видео материалдар, жасанды интеллект негізіндегі мультимедиялық контент және 3D-витриналар арқылы музей қорында жоқ жәдігерлер көрсетіледі. Келушілер Алтын Орда мен Қазақ хандығы туралы қысқаметражды фильмдерді үш тілде тамашалай алады.
«Жошы ұлысы – Алтын Орда» залы Қазақстанның тарихи мұрасын көрсету мен насихаттауда маңызды рөл атқарып, келушілерге ортағасырлық дәуірдің бай мәдениетін танытуға арналған.
qazaquni.kz