"Ақ жол": Ұлтымыз саяси кемелдік таныта білді

"Ақ жол": Ұлтымыз саяси кемелдік таныта білді

«Ақ жол» Демократиялық партиясының референдум қорытындысы бойынша мәлімдемесі

Құрметті қазақстандықтар!

«Ақ жол» Демократиялық партиясы Қазақстан Республикасының барша халқын Жаңа Конституцияның қабылдануымен шын жүректен құттықтайды!

Осынау тағдыршешті сәтте ұлтымыз жоғары азаматтық жауапкершілік пен саяси кемелдік таныта білді. Бұған дауыс беру учаскелеріндегі сайлаушылардың жоғары қатысуы дәлел.

Бұл – Конституция жобасын әзірлеу, сондай-ақ оны еліміздің барлық өңірлері мен салаларында, жергілікті қауымдастықтар мен еңбек ұжымдары арасында түсіндіру бағытында жүздеген, мыңдаған отандастарымыздың атқарған ауқымды жұмысының нәтижесі.

«Ақ жол» Демократиялық партиясы Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобы мен Конституциялық комиссияның барлық мүшелеріне ел алдында тұрған ең өткір мәселелерге жауап беретін сапалы әрі мазмұнды құжатты бірлесе әзірлегені үшін ризашылығын білдіреді.

Жаңа саяси модельдің қалыптасқан тәсілдері мен институттары Қазақстанға экономиканы сенімді түрде дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, озық технологияларды енгізуге және ұлттық мүдделерді болашақта ілгерілетуге мүмкіндік береді деп есептейміз.

Жаңа Конституцияда жұмыс тобы мен комиссия отырыстары барысында, сондай-ақ алдыңғы жылдарда партиямыздың тарапынан ұсынылған бірқатар бастамалардың ескерілгені біз үшін ерекше мәртебе. Олардың қатарында, пропорционалды жүйе бойынша сайланатын бір палаталы Парламентке көшу; мемлекеттің кепілдіктері мен қорғауын меншіктің барлық түрлеріне тарату; банк құпиясын және келіссөздер құпиясын, соның ішінде цифрлық технологияларды пайдалану арқылы қорғау; Республика мемлекеттілігінің Ұлы даланың мыңжылдық тарихымен сабақтастығы және басқа да маңызды мәселелер бар.

Бұл өзгерістердің барлығы авторитарлық жүйеден арылып, теңгерімді, қуатты, бәсекеге қабілетті және көпқырлы саяси модельдің қалыптасуына; саяси партиялардың нығаюына және қоғамның түрлі топтары мүдделерінің мемлекеттік басқару жүйесінде кеңірек қамтылуына жол ашады. Президент Қ. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» атты базалық қағидаттары еліміздегі шынайы демократияның алаңына айналмақ, себебі, демократияның басты мақсаты – Заң арқылы жүзеге асатын Тәртіпке сүйенетін Әділеттілік. 

Мемлекет пен қоғам арасындағы сенім мен әріптестіктің дамуы; азаматтық және кәсіпкерлік бастамалардың жаппай белең алуы; жастардың ғылыми және технологиялық жобаларға кеңінен тартылуы; сондай-ақ инновациялар мен цифрлық әзірлемелердің, соның ішінде жасанды интеллекттің өндіріске, экономикаға және қазақстандықтардың күнделікті өміріне жедел енгізілуі Жаңа Конституцияның тікелей нәтижесі болады деп сенеміз.

Осының барлығы Қазақстанды XXI ғасырдағы ең прогрессивті, табысты және креативті елдердің қатарына шығарады.