«Референдум – 2026»: Онлайн марафон патриотизм, киберспорт және технологиялар тақырыбындағы талқылаулармен жалғасты
2026 ж. 15 наурыз
58
0
Республикалық референдум аясында ұйымдастырылған «Референдум – 2026» онлайн марафоны барлық саладан сарапшылар мен мамандардың басын қосып, еркін пікір алмасуына мүмкіндік жасаған алаң болды.
Инновация алаңында отандық өнертапқыштардың жаңа технологиялық жобалары таныстырылды. Соның бірі – жасанды интеллект негізінде қазақ тіліндегі автоматы сурдоаударманың жаңа моделін әзірлеген Нұрзада Амангелдінің жобасы. Бұл технология есту қабілеті шектеулі азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Ал жас ғалым Айбек Ниетқалиев инсульт салдарынан қозғалу қабілеті шектелген адамдарға арналған экзоскелет құрылғысын таныстырды. Бұл технология қол-аяқ қимылы шектелген азаматтардың қайта қозғалуына көмектесіп, оларды күнделікті өмірге бейімдеуге бағытталған.
Инновациялық жобалардың қатарында кеншілердің қауіпсіздігін күшейтуге арналған «Mainsafe» смарт-қолғабы да ұсынылды. Құрылғы шахта жағдайында жұмыс істейтін мамандардың қозғалысын бақылауға, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтауға және өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді. Мұндай технологиялар тау-кен өндірісіндегі еңбек қауіпсіздігін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Онлайн марафонға қонақ ретінде «Томирис» арнайы жасағының өкілдері қатысып, халықаралық жарыстардағы тәжірибелерімен бөлісті. Айта кету керек, бұл жасақ UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінде әйелдер командалары арасында жоғары нәтиже көрсеткен.
Марафонның дискуссия алаңында қоғам үшін өзекті тақырыптар талқыланды. Соның бірі – «Киберспорт – спорт па, тәуелділік пе?» мәселесі. Бүгінде киберспорт пен гейминг жас буынның басты қызығушылықтарының біріне айналып отыр.
«Қазспортинвест» АҚ жанындағы «Болашақ ойындары» турнирін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі дирекцияның спорттық ойындар бөлімінің басшысы Ержан Шакеев киберспорт индустриясының даму перспективаларына тоқталып, бүгінгі таңда киберспорт тек ойын емес, кәсіби дайындықты, стратегиялық ойлауды және командалық үйлесімді талап ететін жаңа бағытқа айналып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жастардың бұл саламен дұрыс әрі жауапкершілікпен айналысуына жағдай жасау маңызды.
Сонымен қатар марафон барысында «Патриотизмді қалай өлшейміз?» тақырыбында пікірталас өтті. Дискуссия барысында елге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің қазіргі қоғамдағы маңызы, патриотизмді қалыптастыру жолдары және оның күнделікті өмірдегі көрінісі талқыланды.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай Қазақстанның көк паспорты ел абыройы мен жауапкершілігінің белгісі екенін атап өтіп, әрбір азамат әлемнің қай жерінде болмасын еліміздің абыройын көтеруі керектігін айтты.
Марафон өтіп жатқан Наурызнама онкүндігінің бірі – Қайырымдылық күні аясында «Қайырымды жан» номинациясының жеңімпаздары марапатталды.
Онлайн марафон аясында Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы жанындағы пресс-орталық референдумның өту барысы туралы ресми ақпараттарды тұрақты түрде таратты.