«Ақ жол» партиясы Жаңа Конституцияны түсіндіру бойынша ең белсенді жұмыс жүргізуде

«Ақ жол» партиясы Жаңа Конституцияны түсіндіру бойынша ең белсенді жұмыс жүргізуде

Қазақстанда 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар халыққа Жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Осы бағытта белсенділік танытып отырған саяси күштердің бірі – «Ақ жол» демократиялық партиясы. Партия өкілдері еліміздің түрлі өңірлерінде еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, ақпараттық акциялар ұйымдастырып, азаматтарды маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға шақыруда.

Жамбыл облысында «Ақ жол» демократиялық партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаты, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының облыстық штабының мүшесі Дәурен Ахметжаев еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Атап айтқанда, ол «Азия газ құбыры» ЖШС және «Тараз газ тасымалдау» басқармасының қызметкерлерімен кездесіп, Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндірді.

Кездесу барысында депутат жаңа Ата заңда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, билік тармақтарының теңгерімін сақтау және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері кеңінен қамтылғанын атап өтті. Сонымен қатар ұсынылып отырған өзгерістер арқылы Парламенттің рөлі күшейіп, жергілікті өкілді органдардың жауапкершілігі арта түсетінін айтты. Оның пікірінше, жергілікті мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту өңірлердің дамуына серпін беріп, халықтың пікірін ескеріп шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Депутат конституциялық реформалар мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, азаматтардың ел басқару ісіне белсенді қатысуына жол ашатынын атап өтіп, сала мамандарын алдағы референдумда азаматтық белсенділік танытуға шақырды.

Осындай түсіндіру жұмыстары Қызылорда облысында да жүргізілуде. 13 наурыз күні «Ақ жол» партиясының Қызылорда облыстық филиалының Қармақшы аудандық өкілдігінің жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Қанатбай «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелерімен бірге Жосалы кентіндегі «Шипагер» емханасының ұжымымен кездесті. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының маңыздылығы түсіндіріліп, оның елдің әлеуметтік және саяси дамуына ықпалы туралы айтылды. Жиын соңында коалиция мүшелері медицина қызметкерлерін 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырып, әрбір азаматтың дауысы ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.

Түсіндіру жұмыстары тек еңбек ұжымдарымен кездесулермен ғана шектелмейді. Мәселен, «Ақ жол» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кеңес мүшесі, «Ақ жол» арулары қанатының өңірлік ұйымының төрайымы Мөлдір Қырықбаева «Есіктен – есікке» акциясы аясында Жамбыл ауданы Бәйтерек ауылына барып, тұрғындарға референдумның маңызы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол ауыл тұрғындарына референдум – ел өміріндегі маңызды мәселелерді бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешудің демократиялық тетігі екенін айтып, ақпараттық парақшалар таратып, азаматтарды дауыс беруге шақырды.

Шығыс Қазақстан облысында да партия белсенділері халықпен кездесулер өткізуде. Өскемен қаласындағы «Денсаулық» ЖШС ұжымымен өткен кездесуге «Ақ жол» партиясы облыстық филиалы әйелдер қанатының үйлестірушісі Шынар Боранғалиева қатысып, конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары туралы баяндады. Кездесу барысында денсаулық сақтау саласын дамыту, азаматтардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету, әлеуметтік саясатты жетілдіру және халықтың өмір сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Қатысушылар Жаңа Конституция жобасында адам өмірі мен денсаулығын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту және қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған нормаларға ерекше назар аударылғанын атап өтті.

Жалпы, Жаңа Конституция жобасы Қазақстанда кең қоғамдық талқылау нәтижесінде әзірленген маңызды құжат ретінде бағалануда. Партия төрағасы Азат Перуашевтің айтуынша, «Конституция жобасы – мыңдаған азаматтың ұжымдық еңбегінің жемісі» және ұсынылып отырған өзгерістер кәсіби бір палаталы Парламентке көшуге, қоғамдық өкілдікті кеңейтуге әрі бизнес құқықтарын қорғауды күшейтуге негіз қалайды.

Сондай-ақ ол бұған дейін партия жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында парламенттік реформаға және құжаттың өзге де бөлімдеріне қатысты 50-ден астам түзету ұсынғанын атап өткен еді.

Осылайша, «Ақ жол» демократиялық партиясы Жаңа Конституция жобасын қоғамға түсіндіру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Еліміздің түрлі өңірлерінде ұйымдастырылып жатқан кездесулер, ақпараттық акциялар мен қоғамдық талқылаулар азаматтардың саяси үдерістерге қатысуын арттыруға және референдумның маңызын түсіндіруге ықпал етуде. Алдағы референдум елдің саяси жүйесін жаңғыртуға және қоғамның дамуына жаңа серпін беретін маңызды кезең болмақ.

А. Тасқараұлы,

Қазақ үні