Мен әкім болып тұрғанда ешбір ауыл жабылмайды — Берік Уәли

Мен әкім болып тұрғанда ешбір ауыл жабылмайды — Берік Уәли

Абай облысында ауылдарды дамыту мен инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы ресми түрде басталды. Форумға 138 ауылдық округтің әкімдері, аудан әкімдері, олардың ауыл шаруашылығына жауапты орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты. Сондай-ақ облыс депутаттары мен ірі шаруа қожалықтарының иелері де келген.

Бұл туралы todayinfo.kz хабарлады.

Абай облысының әкімі Берік Уәли өз сөзінде ауылдарды дамытуға облыстың мүмкіндіктері зор екенін атап өтті.

«Ауылымызды көркейтуге, дамытуға облысымыздың мүмкіндігі зор. Кеңес Одағы кезінде Семей облысы бекерден-бекер мал шаруашылығына бейімделген өңір болған жоқ. Мәскеу де ет комбинатын жайдан-жай салған жоқ. Бүгінде сол әлеуетті қайта жандандыру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Құрылыс қарқынды, апта сайын қадағалап отырмыз. Нысандар уақытында пайдалануға беріледі деп сенеміз. Бірақ ет комбинатына шикізат қажет. Қаңырап бос тұрмауы керек. Сондықтан ауыл әкімдерін жинап отырмыз. Ауылдағы азаматтарға мал өсіруге жағдай жасауымыз керек»,- деді ол.

Әкім атағандай, «Қаладан ауылға» жобасының басты мақсаты — мемлекет тарапынан ауылға арналған барлық бағдарламаларды біріктіріп, облыстық қолдаумен толықтырып, жүйелі жобаға айналдыру.

«Біздің жеріміз — мал өсіруге өте қолайлы. Мұнай мен газ бір күні таусылуы мүмкін, ал шөбі шүйгін даламыз — мәңгілік ресурс. Сонымен қатар егін шаруашылығын дамытуға да мүмкіндік бар. Ертіс өзені ағып жатыр. Қазір ірі инвесторларды тартып жатырмыз. Мысалы, швейцариялық бірлескен «HarvEast» компаниясы Мақаншы ауданында 30 мың гектар жерді жалға алып, егін шаруашылығымен айналыспақ. Яғни қарап отырған жоқпыз. Барлық бағдарламалар мәслихатта бекітіледі, қаржы бөлінеді. Шаруа қожалықтарының қолдауы — өз тараптарынан көрсетілетін көмек. Ал облыс тарапынан «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясындағы қолдау бөлек қарастырылған»,- деді әкім.

Берік Уәли қазіргі уақытта ауылдағы инфроқұрылымның жақсарғанын айтты.

«Ауылға барлық жағдай жасалып жатыр. Былтырдың өзінде 65 денсаулық сақтау нысаны салынды. Мектептер жөнделіп, спорт кешендері, жолдар салынып жатыр. Ауылдарға су тартылып, инфрақұрылым жаңарып келеді. Бірақ егер ауылда халық болмаса, мұның бәрі не үшін қажет?

Мен әкім болып тұрғанда ауылдың жабылғаны болмайды. Сен аудан әкімі болып тұрған кезде ауылдың жабылғаны ертең өзіңнің бетіңе таңба. Сен ауылдың әкім болып тұрған кезде өз ауылың мектебі жабылып, ауыл жабылып жатса, ол өзің сүйекке таңба деп есептеймін»,- деді ол.