Түркістан облысында Білім бөлімінің 18 қызметкері сотталды
2026 ж. 24 ақпан
118
0
Бәйдібек аудандық білім бөлімінің 18 қызметкері аудандағы 49 мектепке бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен сотталды. Олар мемлекетке келтірілген 583 миллион теңге шығынды ерікті түрде өтеген. 14 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Төртеуі рақымшылыққа ілікті.
Бұл туралы otyrar.kz хабарлады.
Сот Түркістан облысы Бәйдібек аудандық білім бөлімінің басшылары мен есепшілеріне үкім шығарды. Бұл жолы 18 адам жауапқа тартылды. Олар бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГІ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Басшылар, бухгалтерлер және экономистерді қоса алғанда, 18 лауазымды тұлға жалақы мен өзге де төлемдерге арналған бюджеттік өтінімдерді негізсіз ұлғайту арқылы ауданның 49 жалпы білім беретін мектебінің қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырған. Бухгалтерия қызметкерлері электрондық жүйелерге әдейі жалған мәліметтер енгізіп отырған. Төлем ведомостарына және есеп парақтарына іс жүзінде жұмыс істемеген адамдар енгізілген немесе жалақы мен үстемеақы мөлшері негізсіз арттырылған».
Тергеуді Қаржы мониторингі агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізді. Агенттік мәліметінше, айыпталушылар өз әрекеттеріне заңды сипат беру мақсатында қызметтік жазбалар, бұйрықтар, есеп ведомостары мен жұмыс уақыты табельдері сияқты жалған құжаттар жасаған және пайдаланған. Кейбір құжаттар төлем жүргізілгеннен кейін кері күнмен рәсімделген. Яғни есепті сәйкестендіру үшін кейін түзетілген.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГІ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Қаражат жалған тұлғалардың, оның ішінде туыстары мен таныстарының банктік шоттарына аударылып, кейін алдын ала келісілген үлес бойынша қатысушылар арасында бөлінген. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 583 миллион теңгеден асты. Тергеу барысында күдіктілер келтірілген шығынды толық өтеді».
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот 14 адамды 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырып, жаза тағайындады. Ал 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылды.
Айта кетейік, өткен жылдың басында Түркістан облысының 8 ауданында білім бөлімінің қызметкерлері қазынаның шамамен 12 миллиард теңгесін жымқырды деген айып тағылған болатын. Қылмыс 2020–2023 жылдар аралығында жасалған. Жалпы саны 165 адамға қатысты іс сотқа жолданды. Білім бөлімдерінің басшылары мен есепшілеріне түрлі айыптар тағылып, әртүрлі жаза кесілді.