“Оқушыны жүкті еткен” зейнеткер сотталды

“Оқушыны жүкті еткен” зейнеткер сотталды

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты “15 жастағы оқушы қызды зорлап, жүкті етті” деп айыпталған 70 жастағы зейнеткерді түрмеге жапты. Ол Қылмыстық кодекстің “Зорлау” бабы және “Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу” бабымен кінәлі деп танылып, 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Бұл туралы otyrar.kz хабарлады.

Оны педагогикалық лауазымдарда және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдар атқару құқығынан өмір бойына айырды.

Іс сотта жабық қаралды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды. Сотталушы бұрын сотты болмаған, іс бойынша тағылған айыпты мойындамаған.

“Сот іс материалдарын зерттеп сотталушының іс-әрекеттерінде қылмыстық құрам бар деген тұжырымға келді. Сіз сотта айыпты мойындаған жоқсыз. Бұл әрекетке қатысым жоқ деген позицияны ұстандыңыз. Алайда сіздің уәждеріңіз сотта алынған жәбірленушінің жауаптарымен, іске тіркелген бірнеше сот сараптама қорытындыларымен жоққа шығарылды”, — деді судья Дәурен Мадалиев.