«КОНСТИТУЦИЯНЫ ЖҮЙЕЛІ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
2026 ж. 06 ақпан
69
0
2026 жылдың 6 ақпанында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Конституцияны жүйелі жаңғыртудың ғылыми негіздері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Басқосудың басты мақсаты Қазақстанда жарияланған жаңа Конституция жобасы аясында ғылым, білім, адами капитал және инновацияның мемлекет дамуының стратегиялық өзегіне айналуын талқылауға арналды.
Жиын барысында ғалымдар мен сарапшылар конституциялық реформалардың мазмұнын ғылыми-эксперттік деңгейде қарастырып, Ата Заңда ұсынылып отырған өзгерістерді талқылады. Бұған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Конституциялық комиссия мүшелері, академиктер қатысты.
Іс-шараны Академияның президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы жүргізіп, еліміздің дамуындағы тарихи кезең – Ата Заңға енгізілетін жаңа өзгерістердің мәні мен маңызына тоқталды.
Ақылбек Қажығұлұлы өз сөзінде: «Қазір біз мемлекетіміздің дамуындағы тарихи кезеңді бастан өткізудеміз. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы талқылануда. Бірінші болып Үкімет үйінде, күні кеше өз арамызда академиктермен, еліміздің жетекші ғалымдарының қатысуымен жаңа Ата Заңымыздың жобасын талқыладық.
Конституцияның жобасында адами капиталды, ғылым мен инновацияларды дамыту, алғаш рет мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде анықталып отыр. Бұл жаңа конституциялық модель – елдің болашағына бағыт, бағдар беретін дамудың зяткерлік картасы деуге болады.
Қазір еліміздің болашағы айқындалатын тарихи кезең. Ата Заң құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттің ұзақ мерзімді ғылыми-технологиялық дамуының іргетасын қалайтыны анық.
Адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық тұрақтылығы мен өркендеуінің басты тірегі екені белгілі. Осыған орай ғылыми қауымдастық жауапкершілікті сезініп, Конституциялық реформалар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Өйткені, өкінішке қарай әлеуметтік желілерде кейбір азаматтар Конституция жобасы мәтінін мұқият оқымай, соңына дейін түсінбей әртүрлі негізсіз ақпараттар таратуда.
Осы жағдайды ескере отырып, елімізге еңбегі сіңген көрнекті ғалымдар, оның ішінде Қазақстанның Еңбек Ерлері бар академиктер конституциялық реформаларға қатысты өз ұстанымын ашық білдіріп, қоғамдық пікірге үндеу жариялауды ұйғардық» - деп атап өтті.
Осы орайда отырысқа қатысқан мамандар конституциялық жаңғыруды тек құқықтық акт ретінде емес, білімді, инновацияны және сыни ойлауды бағалайтын жаңа қоғамдық келісімнің негізі ретінде түсінуге жол ашатынын баса айтты.
Академиктер өз сөздерінде Конституциялық өзгерістер ұлттық құндылықтарға негізделіп, қоғамның ұзақ мерзімді дамуына қызмет етуі тиіс екендігін атап өтіп, білім мен ғылымға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды оң қадам ретінде бағалайтындықтарын атап өтті. Ел экономикасын дамыту ғылымға негізделуі тиіс екендігін атап, әлемнің дамыған мемлекеттері дәл осы ғылыми-технологиялық жолмен өркендегенін мысалға келтірді.
Академия атынан жарияланған академиктердің үндеуінде: «Біз, Қазақстан Республикасының академиктері, ел болашағы үшін жауапкершілікті терең сезінетін ғылыми қауымдастық өкілдері ретінде, мемлекет дамуының тағдырлы кезеңінде өз ұстанымымызды ашық білдіруді азаматтық парызымыз деп санаймыз.
Ғылым – уақыттың тынысын дәл басатын, қоғам дамуының бағытын таразылайтын ақыл-ойдың алаңы.
Ал Конституция – сол дамудың іргетасы, ұлттың ертеңіне бағыт беретін ең биік құқықтық өлшем.
Сондықтан елімізде қолға алынған конституциялық реформалар ғылыми тұрғыдан сараланып, қоғамдық санада байыппен қабылдануы тиіс деп санаймыз.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы – ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын, экономика мен қоғам өміріндегі маңызды мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерделейтін, мемлекет саясатының ғылыми негізін қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан іргелі ұйым.
Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Парламенттік реформалар туралы бастама көтерген сәттен бастап, Ұлттық ғылым академиясы бұл үдерістен тыс қалған емес. Ғалымдарымыз, сарапшыларымыз өз ой-пікірлері мен ғылыми негізделген ұсыныстарын жолдап, реформалардың мазмұнын тереңдетуге атсалысып келеді.
Биылғы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел Конституциясына түбегейлі өзгерістер енгізілетінін жариялап, саяси жаңғырудың жаңа кезеңін бастады. Осыған орай Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына түрлі сала өкілдерімен қатар ғылыми қауымдастық мүшелері де тартылды.
Ұлттық ғылым академиясының өкілдері жаңа Конституция жобасын әзірлеу жұмысына белсенді түрде, жауапкершілікпен қатысты. Соның нәтижесінде ұсынылып отырған жаңа Конституцияның орталық идеясы ретінде ғылым мен білім, мәдениет пен инновация айрықша айқындалып отыр.
Бұл – еліміздің даму бағыты табиғи байлықтарға ғана емес, ең алдымен адам капиталына, білімді ұлт пен зияткерлік әлеуетке сүйенуі тиіс деген түбегейлі көзқарастың көрінісі. Жаңа Ата Заңның басты идеяларының бірі – Қазақстанның болашағы азаматтарының білімімен, ғылымымен, шығармашылығымен және жаңашыл ойымен айқындалатынын нақты бекіту.
Конституцияның Кіріспесінде мәдениет, білім, ғылым және инновация негізгі құндылықтар ретінде айқындалса, оның «Конституциялық құрылыс негіздері» бөлімінің 3-бабында адам капиталы мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде танылды. Конституцияның 23-бабында сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілуде. Сондай-ақ, 33-бабында Азаматтардың ақысыз бастауыш және орта білім алу құқығы, жоғары білімге конкурс негізінде қол жеткізу мүмкіндігі сақталған.
Білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нақты бекітіліп, мемлекеттік білім стандарттарының баршаға бірдей болатыны айқын көрсетілген. Бұл – қоғам болып, ел болып жұмылған еңбектің нәтижесі.
Ұсынылып отырған Конституция жобасы Қазақстанның қалыптасқан мемлекеттік құрылымын, халықаралық беделін сақтай отырып, болашаққа сенімді қадам жасауға бағытталған. Жалпы айтқанда, жаңа преамбулада өткен тарихи тамырымыз құндылық ретінде айқындалып, бүгінгі уақыттың негізгі қағидаттары нақты белгіленіп, болашаққа бағдар болатын ұстанымдар бекітіліп отыр. Осы орайда, Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен ғалымдары барша отандастарымызды Қазақстан халқына ұсынылған Конституция жобасын мұқият зерделеуге, оның мәні мен мазмұнын терең түсінуге шақырады.
Қоғамда жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарын жандандырып, жалған ақпарат пен шындыққа жанаспайтын арандатушылық пікірлердің жетегінде кетпеуге үндейміз.
Біз жаңа Конституцияны қолдау арқылы Қазақстанның зияткерлік, әділетті әрі орнықты дамуына үлес қоса аламыз.
Баршаңызды ел тағдыры үшін маңызды тарихи таңдауда белсенділік танытып, жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырамыз» деп жазылған.
Дөңгелек үстел талқылау форматында жалғасып, қатысушылар Конституция жобасының ғылыми, әлеуметтік және институционалдық аспектілері бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Академиктер мен сарапшылар ғылымға негізделген конституциялық нормалардың елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы рөліне ерекше назар аударды.
Академиялық қауымдастық жаңа конституциялық модельді тек құқықтық құжат емес, елдің «даму зияткерлік картасы» ретінде бағалап, бірауыздан қолдау білдірді.