ЕҰУ-да Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы жобасының негізгі тұжырымдары талқыланды
2026 ж. 03 ақпан
70
0
Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі тұжырымдары сараптамалық талқылаудан өтті.
Іс-шара аясында сарапшылар конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттарын, олардың институционалдық мазмұнын және елдің саяси-қоғамдық жүйесіне ықтимал әсерін қарастырды. Ерекше назар қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында конституциялық нормаларды жаңарту мәселелеріне аударылды.
Талқылауға жетекші ғалымдар, академиялық қауымдастық өкілдері, мемлекеттік басқару саласының сарапшылары, сондай-ақ ЕҰУ-дың оқытушылары мен докторанттар қатысты.
Іс-шара барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Сатвалдиев, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Дихан Камзабекұлы, ЕҰУ-дың конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Ермек Абдрасилов, Қоғамдық саясат институтының директоры, конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Мәдина Нұрғалиева, сондай-ақ «Қазақстан қоғамдық даму институты» АҚ басқарма төрайымы, конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Жұлдызай Ысқақова баяндамамен шықты. Кездесуге ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов модераторлық жасады.
Талқылау барысында сарапшылар ұсынылып отырған өзгерістер конституционализм қағидаларын нығайтуға, билік тармақтары арасындағы байлансты арттыруға және азаматтардың мемлекеттік басқарудағы рөлін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Жаңартылған Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық механизмдерінің маңызы ерекше сөз болды.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Сатвалдиев бұл құжат елімізде кең көлемде талқыланып жатқан маңызды бастама ретінде көрініп отырғанын, ол мемлекеттік институттық құрылымға да, қоғамдық қатынастардың құқықтық негіздеріне де әсер етіп, Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңін анықтайтынын жеткізді.
«Ел көлемінде қызу талқыланып жатқан бұл құжатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың логикалық жалғасы әрі заңды қорытындысы ретінде қарастырған жөн. 2022 жылғы референдумнан кейін басталған конституциялық жаңғырту үдерісі 2026 жылы жаңа Конституция қабылдауға бағытталған ауқымды ұсыныстармен жалғасып отыр», - деді спикер.
«Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Дихан Камзабекұлы егер негізгі Заңға 84% өзгерістер енгізіліп жатса, бұл елдің дамуының қажеттілігі ретінде қабылдануы тиіс екенін және жаңарту өзгерістер саны бойынша емес, олардың концептуалдық мазмұны бойынша бағаланатынын атап өтті.
«Конституция жобасында мемлекеттілікті нығайту, мыңжылдық тарихи сабақтастықты сақтау, шекара мен ел аумағының тұтастығы, әділетті қоғам құру мәселелері нақты көрініс тапты. Әділеттілік бағыттары анықталды, мәдениет, білім және ғылымның құндылығы нақты көрсетілді. Сонымен қатар табиғатқа қамқорлықпен қарау мәселелері және еліміздің дамуы үшін қажетті көптеген басқа маңызды идеялар қамтылды», - деді ғалым.
ЕҰУ-дың Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Ермек Абдрасилов Конституция жобасының преамбуласының маңызды рөліне тоқталды:
«Преамбула көлемді болмаса да, оны Конституцияның философиясы деп атауға болады. Ол Конституцияның негізгі түйінін айқындайды. Преамбулада ел алдында тұрған көптеген мәселелер көрсетілген. Ең алдымен онда адам құқықтарын қорғау мақсаты белгіленген. Екіншіден, қазақ халқының қазақ жеріндегі байырғы мемлекеттердің дәстүрін сақтауы қажеттігі атап өтілген. Мен бұл үлкен жетістік деп санаймын», - деді сарапшы.
Конституциялық реформа комиссиясының мүшелері – Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева мен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» ЖШС басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова комиссияның жұмыс үдерісі қалай ұйымдастырылғанын айтып берді.
Талқылау барысында отбасылық және некелік мәселелерге ерекше назар аударылды, бұл қатысушылар арасында жандана түскен пікірталас тудырды.
Кездесудің қорытындысы бойынша қоғамдық-саяси реформалардың негізгі бағыттарын талқылауға сарапшылық қоғамдастықты тартудың өзектілігі мен маңыздылығы дәлелденді. Сонымен қатар, пікірталас қорытындысы бойынша Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелеріне ұсынымдар берілді.
Іс-шара барысында сұрақ-жауап сессиясы да өткізілді.