Жаңа Конституция жобасы: негізгі идеялар мен түбегейлі өзгерістер
2026 ж. 01 ақпан
108
0
Жаңа Конституция жобасы – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде кемелденгенін, қоғам мен мемлекеттің жаңа даму кезеңіне өткенін көрсететін стратегиялық құжат. Ол ұлттық болмысты, тарихи сабақтастықты және болашаққа бағытталған құндылықтарды біртұтас жүйеге біріктіреді.
Преамбулада Қазақстан халқының мызғымас ұлттық құндылықтары айқын белгіленген. Унитарлық мемлекет, шекараның мызғымастығы мен аумақтық тұтастық – ел егемендігін, қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты қағидаттар ретінде бекітіледі. Сонымен қатар «Әділетті Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» құндылықтары, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, этносаралық және конфессияаралық келісім, білім, ғылым, инновация, экология және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік жаңа қоғамдық келісімнің өзегіне айналады.
I бөлім – «Конституциялық құрылыстың негіздері» мемлекеттіліктің іргетасын нақтылайды. Қазақстанның басқару нысаны – президенттік республика екені айқын жазылады. Халық тек биліктің қайнар көзі ғана емес, сонымен бірге егемендіктің жалғыз иесі екені конституциялық деңгейде нақтыланады. Бұл – биліктің халыққа тиесілі екенін түбегейлі бекітетін қағидатты норма.
Заңдардың кері күші болмайтыны, азаматтардың жағдайын нашарлататын нормалардың қолданылмайтыны бекітіледі. «Республикалық референдум» ұғымы «бүкілхалықтық референдум» болып өзгеріп, халық бірлігі басты шарт ретінде айқындалады.
II бөлім – Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер жаңа мазмұнмен толықтырылған. Өмір сүру құқығы абсолютті құқық ретінде танылады, жеке бостандық, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау, жеке өмірге қолсұқпаушылық, дербес деректерді қорғау күшейтіледі. Еңбекке құқық, неке ұғымының нақты анықтамасы, білімнің зайырлы сипаты және табиғатты қорғау – азаматтың конституциялық міндеті ретінде бекітіледі.
Мемлекеттік билік жүйесі түбегейлі жаңғыртылады. Парламент орнына Курултай енгізіледі – бір палаталы, кәсіби, партиялық негіздегі өкілді орган. Президенттің өкілеттігі бір реттік мерзіммен шектеледі, Вице-Президент институты енгізіледі, биліктің сабақтастығы айқын регламенттеледі. Президенттің ерікті түрде отставкаға кету мүмкіндігі бекітіліп, билік – қызмет ету екені айқындалады.
Қазақстан Халық Кеңесі – халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде енгізіледі. Ол заң бастамасын көтеруге және бүкілхалықтық референдум ұсынуға құқылы.
Конституциялық Соттың мәртебесі күшейтіліп, Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз орган ретінде бекітіледі. Оның шешімдері түпкілікті және міндетті болады.
Конституцияға өзгерістер енгізу тәртібі түбегейлі өзгереді: бұдан былай Конституцияға түзетулер тек бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданады. Бұл Конституцияны саяси конъюнктурадан қорғап, оны халықтың тікелей еркімен байланыстырады.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы – әділетті, заң үстемдігі орнаған, адамға бағытталған, жауапты және болашаққа сеніммен қарайтын Қазақстанның құқықтық негізі. Ол мемлекеттің емес, халықтың Конституциясы болуға бағытталған.
Азаматтық құқық және
азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы
кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д.,
профессор м.а. Балашов Талғат Төлеулы