Қазақстанның туристік локацияларында түсірілген Димаштың халықаралық жобасының премьерасы Қытайда өтеді
2026 ж. 28 қаңтар
82
0
Биылғы 5 ақпанда Қытайдың танымал Hunan TV телеарнасында халықаралық музыкалық Voice Beyond Horizon жобасының ресми премьерасы өтеді. Бағдарламаның түсірілімі толық Қазақстанның туристік локацияларында өтті және 6 өңірді қамтыды.
Жоба Димаш Құдайбергеннің бастамасымен қолға алынып, Hunan Broadcasting System медиахолдингімен бірге жүзеге асырылды. Voice Beyond Horizon әртүрлі елдердің өнерпаздарын біріктірумен қатар Қазақстанның табиғи әралуандығын және туристік әлеуетін миллиондаған көрерменге таныстырады. Түсірілімдер Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында өтті.
Жобаға Қазақстанның, Қытайдың, Қырғызстанның, Италияның, Малайзия мен Сербияның орындаушылары қатысады. Өткен жылдың қыркүйек айында олар Қазақстан өңірлерін аралап, 7 мың шақырымнан астам жол жүріп өтті. Жоба бағыты көне Түркістанды, Бозжыраның ерекше көріністерін және Каспий теңізі жағалауын, табиғи інжу-маржанға айналған Қайыңды мен Көбейтұз көлдерін, туристік Саты ауылын, Қапшағай су қоймасын, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын қамтыды.
“Voice Beyond Horizon” жобасының ресми көрсетілімі Қытайда аудиториясы 1,9 миллиардтан асатын Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасында, Қазақстанда «Qazaqstan» ұлттық арнасында өтеді.
Жобаға «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері, Астана, Алматы қалаларының және Алматы, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарының әкімдіктері ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп, демеушілер ретінде «Qarmet», «Қазақмыс», «Алтын Алмас» компаниялары мен Нұрлан Смағұлов қоры да атсалысты.