Әділдік пен жауапкершілік жолы
2026 ж. 05 қаңтар
122
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетіне берген сұхбаты Президенттің ел дамуына қатысты ұстанымын айқын көрсететін бағдарламалық сипаттағы құжат деуге болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезеңдегі негізгі реформаларды популизмге емес, нақты есеп пен ұзақ мерзімді нәтижеге негіздеп жүргізу қажет екенін ашық айтты. Президенттің күрделі мәселелерді жасырмай, оларды қоғаммен тікелей талқылауға дайын екені аса маңызды.
Экономика, салық саясаты, инфляция, тарифтер және инфрақұрылым мәселелерінде Тоқаев «ауыр, бірақ қажетті шешімдерден» қашпау керектігін баса көрсетеді. Бұл – қысқа мерзімді ұнамды әсерден гөрі, мемлекеттің тұрақты дамуын көздейтін прагматикалық көзқарас. Әлеуметтік әділдік ұғымы сұхбат бойы негізгі өзек ретінде көрінеді: мемлекет шын мәнінде мұқтаж азаматтарды қолдауы тиіс, ал жасырын субсидиялар мен теңсіздікке жол берілмеуі қажет.
Ауыл шаруашылығы, туризм және бизнес туралы ойларынан Президенттің қаржы бөлу ғана емес, жүйенің тиімділігін арттыруды басты мақсат етіп отырғаны аңғарылады. Кооперация, жауапты кәсіпкерлік, отаншыл ұлттық буржуазия қалыптастыру идеялары – осының дәлелі.
Жасанды интеллект, цифрландыру және атом энергетикасы жөніндегі тұжырымдар Қазақстанды шикізатқа тәуелді ел деңгейінен технологиялық мемлекетке көшіруге бағытталған стратегиялық ойлауды көрсетеді. Бұл бағыттар елдің болашағын айқындайтын ұзақ мерзімді басымдық ретінде ұсынылады. Бұл сұхбат Қазақстанның жаңа даму кезеңіндегі саяси-философиялық бағытын айқындауымен аса маңызды.
Нұртәліп ШӘРІПҚАЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы