Өңірдің жол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту
2025 ж. 27 желтоқсан
50
0
Костанай облысында автожол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары соңғы жылдары айтарлықтай жанданды. 2025 жылы жол саласының бюджеті 103 млрд теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 2,6 есе көп. Мәселен, 2022 жылы бұл бағытқа 39,7 млрд теңге, 2023 жылы – 59,7 млрд теңге, ал 2024 жылы – 73,8 млрд теңге бөлінген болатын.
Бюджеттің осылайша ұлғаюы өңірдің жол желісін кешенді жаңғыртуға мүмкіндік беруде. Тек 2025 жылдың өзінде 1 300 шақырым автожол жөнделді. Бұл – 2022 жылдағы көрсеткіштен 4,6 есе жоғары. Сол жылы бар болғаны 280 шақырым жол қалыпқа келтірілсе, биыл жұмыстардың ауқымы бірнеше есеге артты.
Жөндеу жұмыстары тек магистральдар мен облыстық маңызы бар жолдармен шектелмей, елді мекендердің ішкі жолдарын да қамтыды. Ағымдағы жылы 50 елді мекенде 253 көше учаскесі, сондай-ақ 103 елді мекенде 400-ден астам көше қайта жөнделді. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, қауіпсіз және комфортты қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Облыстағы жол инфрақұрылымын дамыту алдағы уақытта да басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Жаңартылған жолдар – өңірлік экономиканың тірегі, ауылдар мен қалалардың байланысын нығайтатын негізгі фактор.