Өмір сүру сапасының индексі: Қазақстан ЭЫДҰ елдерін озып келеді
2025 ж. 25 желтоқсан
25
0
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) «Better Life Index» әдістемесіне сәйкес, 2024 жылға арналған Қазақстандағы өмір сүру сапасының индексі көрсеткіштерін жариялады.
Аталған индекс ЭЫДҰ таңдауы бойынша елдің даму деңгейін сипаттайтын әл-ауқат көрсеткіштерін қамтиды. Мұнда халықтың материалдық немесе экономикалық әл-ауқаты ғана емес, сонымен қатар адам әлеуетін өсіруге байланысты маңызды аспектілер де ескеріледі. Қазақстан бірқатар көрсеткіш бойынша оң нәтижеге қол жеткізді.
Бюро деректеріне сәйкес, 2024 жылы халықтың моральды қолдауға қанағаттану деңгейі, яғни қиын сәтте иек артар жандардың бар екеніне деген сенім 93,3% құрады. ЭЫДҰ елдері бойынша бұл көрсеткіштің орташа деңгейі – 91%.
Өмірге қанағаттану көрсеткіші бойынша қазақстандықтар өз өмірін 10 баллдың ішінен 7,6 баллға бағалаған. Респонденттер күнделікті өмірде жағымды эмоцияларды жағымсыздарға қарағанда жиірек сезінетінін атап өткен. ЭЫДҰ елдері бойынша бұл көрсеткіш орта есеппен – 7,3 балл.
2024 жылы ұзақ мерзімді жұмыссыздық деңгейі, яғни бір жылдан астам уақыт жұмыссыз жүргендердің үлесі 0,2 пайыздық тармаққа төмендеп, 1% көрсетті. Еңбекке қабілетті жастағы халықтың 80% астамы жұмыспен қамтылған. Бұл ЭЫДҰ елдеріндегі орташа деңгейден (78%) жоғары. Сонымен қатар аптасына 50 сағаттан артық жұмыс істейтіндердің үлесі алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа азайып, 2% құрады. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 7,1%.
«Қауіпсіздік» көрсеткіші бойынша 2024 жылғы құқық қорғау органдарына деген сенім аясындағы халық арасында жүргізілген сауалнама қорытындыларына сәйкес, сұралғандардың 93,9% түнде көшеге шыққанда өзін қауіпсіз сезінеді екен. Бұл ЭЫДҰ елдері бойынша орташа көрсеткіштен (74%) едәуір жоғары.
Анықтама: ЭЫДҰ – демократия қағидаттарын ұстанатын дамыған нарықтық экономикасы бар елдерді біріктіретін халықаралық ұйым. Ұйымның негізгі мақсаты – тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және мүше елдердің өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған үйлестірілген саясатты жүргізу. ЭЫДҰ-ға 38 мемлекет мүше, оның ішінде Австрия, Бельгия, Германия, Канада, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Норвегия, Швеция және т.б. елдер бар.