ТӘУЕКЕЛ ХАН МЕН АЛАТАУ БАТЫР немесе «Жеті Жарғы» дәуірі туралы

4
3654

           Осы соғыстан кейін екі жақ келісімге келіп, ұзаққа созылған «Қанды кек» тоқтайды. Ұлы Тәуекел Ханның басшылығымен алыс – жақындағы Қытай, Ресей, Иран, Мысыр, Қазан, Қырым және басқа да елдерден елшілер шақырылып, Алты Алаштың Ұлы Құрылтай жиынында «Жеті Жарғы» заңы қабылданып, оны басқа елдерге де мойындатады. Бірақ бұл жиынға шығыста жатқан ойрат, торғауыттар елі шақырылмай, екі арада түсінбестік туып, мұның арты жаңа соғыстың тұтануына себепші болады.

           «Жалғызы» – деп, Қазақ Хандарының Бас Батырларын айтқан. «Зұлмарт» – деп, аса берік, болат құйма темірдің асылын айтқан.

             «Мұрынқарақ» тауы – бұл тарихи жер Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс және Отырар аудандарының қиылысында, Сырдария өзенінің сол жағалауынан ары жыңғылды, тораңғылды тоғайлы жерде орналасқан. Айналасы құмшауытты болған бұл стратегиялық биіктен совет үкіметі кезінде, мүмкін Алатау Батыр мен Қазақтың Тектілері жерленген киелі жерді жою мақсатында болар, құрылысқа деп, ұзақ жылдар үлкен – үлкен жайын тастар алынып келген.

             Мұхаммед Шайбани ханның «Байрақты Ту» тіккен Ордасы Арыс ауданының жерінде, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы Байырқұм елді мекенінде орналасқан. Қазір бұл жер «Байырқұм төбе» – деп аталады.

 

 

БЕРКЕ НАУАН ХАН ТӘУКЕЛДІҢ, ЕСКЕНДІР НАМАЗ МҰҢШЫҒА АЙТҚАНЫ.

– Азуын айға білеген,

Арыстандай жүректі,

Түкті білек шұбар төс

Батыр да өткен дүниеден!

Арғы түбіміз Алаша,

Кер Сақ Абтан тараса!

Қазақ Қаһаннан Бұхара:

Халұқ, Жамағұт туылған!

«Зұлмарттан» берен киінген!

Қарасын көрген дұшпаны

Ат шаптырымнан иілген!

Кер жылқыны ноқталап,

Жұмыр Жерді билеген!

Қаһандар туылған Атажұрт

«Төрт Құбыласын» сүйреген!

Шешендер өтті-ау сүрінбес

Шапсаң бір қылышқа ілінбес!

Әділдігіне жүгінсе,

Ауырлығы білінбес!

Сөйлеген сөзі найзағай,

Жебеден ұшқыр ойы бар!

Қаһарлыда тоқтаған,

Ойы терең данышпан,

Шешендер де өтті-ау дүниеден!

Қызыл тілмен түйреген!

Уа, Ескендір Мұңшым «Мұнарлым!»

«Әділдіктен күш кетсе,

Хан тағында құлмен тең!

Тектілерден пір кетсе,

Сөйлеген сөзің умен тең!»

«Құрқұлтай» түбі «Мәссағат!»

Қанша бір «Машық» жисаң да,

Істеген ісің құммен тең!

Ойлан Мұңшым, толғанып

Тоқтамаса «Қанды кек»,

Жазған «Жарғы» күлмен тең!

Түсіндірме: Ежелгі Сақ тіліндегі «Құрқұлтай» – сөзі, қазір Құрылтайға айналса, «Мәссағат» – сөзі мәслихат, Мәжіліске айналған.

          «Қанды кек» – Қазақ халқы үшін Азамат соғысына айналған, екі елге, яғни қазақ, өзбек болып бөлініп кеткен Дәшті Қыпшақ хандарының бірі Мұхаммед Шайбани Иран шахының қолынан қаза тапқанда, екі хандықтың негізгі күштері қайта бірігіп, Қызылбастармен (Иранмен) жауласып, бұл соғыс тиылмай, ұзақ жылдарға созылған «Қанды кек» соғысына айналып кетеді.

 

ЖИЕНБЕТ  ЖЫРАУДЫҢ  АЙТҚАНЫ.

Атақты Жиембет жырау Тәуекел Ханның Самарқандағы Ордасында болып жатқан уақиғалар жайлы:

– Хан Тәуекел керуен келсе, бұлақ сұрайды!

Ескендір Мұңшы керуен келсе, кітап сұрайды!

Малдас Би керуеншілердің басын қосып,

Бөліп-жармай екеуін бір-ақ сұрайды! – депті.

Әлиасқардың түсініктеме-баяны: Шайбанидың үшінші ұлы «Қанды» Ахмет Керей Танас Иранмен екі арадағы «Қанды кек» соғысты тоқтата алмайды. Қайта елді Қызылбастарға өшіктіріп жібереді. Осы жағдайды ойлай келіп Ашамайлы Керейден Ескендір Намаз Мұңшы Әннет, Арқаның жерінен 71 Биді өзі бастап келіп, Әз Жәнібектің ұрпағы Мырза Сабақ Көк Ханды таққа отырғызып, Қызылбастармен уақытша келісімге тоқтап, «Қанды» Ахметті қан төгіссіз орнынан алады. Арада он жеті жыл өткенде Бату Ханның тікелей ұрпағы Берке Науан Хан Тәуекелге Алты Алаштың Ордасы Қазақ Хандығының тағын тағы да бейбітшілік жолмен алып беріп, «Ел Жамбыны» ауыстырады. Ал Хан Тәуекелдің бұлақ  сұрауы:

«Қол бастап жорыққа шыға қалсам шөл мен шөлейтте, немесе елсіз даладағы, жер – жерлердегі бұлақтарды білейін!» – деп сыр тартып, келген керуен басшылардан сұрап алып, жазып отырған.

            Түсіндірме: Ескендір Намаз Мұңшы Әннет – Ұлы Мәруан Ақыра Би. Оны кей деректерде «Әнет Баба» – деп те атайды. Бұл Билер өте киелі, көріпкелдік қасиетті, дуалы ауызды, шешендігі ағын судай тасыған, Алла-Тағаланың ерекше жаратқан азаматтары болған. Халқымыздың тарихында Сақтар патшасы Әмур Дария Забур дәуірінен бұрын қабылданған Даланың Ұлы заңы «Жасақ» болса, Шыңғыс Қаһан дәуірінде «Жарғұп» заңы болған. Бірақ ежелгі Ұлы Дала заңы қатаң сақталған. Ал Берке Науан Хан Тәуекелдің заманында, оған дейін 15-ғасырдың басында Ұлы Тұран Елінің басын қайта біріктірген, «Ислам Әміршісі» аталған Әмір Темір Көреген 1405 жылдың Қаңтар айында өзінің Қытайға жасаған соңғы 17 – ші жорығы кезінде Отырар шаһарында белгісіз жағдайда қаза болғасын оның орнына таққа отырған ұлы Шахрух елді 40 жыл басқарады. Ол дүниеден өткен соң, Тұран елі өз ара қырқысқан Евразияда шашылып жатқан майда хандық мемлекеттерге бөлініп кетеді.

           Берке Науан Хан Тәуекел таққа отырған тұста, жаңа заманға лайықталған жаңа Дала заңын қабылдау қажеттілігі туындайды. Алты Алаштың киелі Ұлы Билері бас қосып, Даланың соңғы Ұлы заңы «Жеті Жарғы» қабылданып, алыс-жақын елдердің басшылары мен елшілеріне үлкен Құрылтайда таныстырылып, мойындатылады. Міне осы кезеңнен бастап ондаған жылдарға созылған Қызылбастармен (Иран) болған «Қанды кек» соғысы тоқтайды.

            Тәуекел Ханның дәуіріне дейін күшін жоймаған Ұлы Даланың заңы «Жасақты» Елтіріс Қаһан да, Әмур Дария Забур патша да, оның ұлы Сұран Дария Жамшун патша да, Күлтегін де, Тұран Елінің патшасы Сары Оғлан Қарахан да, Ұлы Гүрханы Әл Қайыр Данышпан да, Тәмуршын – Шыңғысханның ұстазы, Біріккен Керей Ордаларының Бас Қаһаны Тұғырыл Торы Хан да, Шыңғысхан мен Әмір Темір Көреген де, Қазақ Қаһанның аты мен Туын мыңдаған жылдардан кейін қайта көтеріп, Алты Алаштың Елінің басын қайта қосып, «Қансуарлап» Азаттық соғысын жариялаған Айқарақ Керей Хан мен Ер Жәнібек те, Бұрындық Хан мен Қасым Хан да, оның ұлы Хақ Назар Хан да құрмет тұтып, баптарын бұлжытпай орындап өткен.

           Ежелгі Сақ Бабаларымыздың тілінде айтылған «Жасақ» – сөзі: «жөн-жосық» – деген ұғымды білдірген. Ұлы Бабаларымыз Наурыз айындағы толған айдың айналасындағы дөңгеленген шапақтанып жарқыраған сәулесін «Мәруан» деп атапты. Әсіресе ауасы да, орналасқан жері де ерекше ежелгі Тұранның бас қалаларының бірі, Тәуекел Ханның заманында Қазақ Хандығының астанасы да болған Самарқанда бұл сәуле айрықша көрінген. Осыдан барып киелі де, ежелгі шаһар Самарқанның айналасындағы жерлер «Мәруанақыра» – деп аталған. «Меруерт» деген сөз: «асыл тасқа түскен айдың сыйқырлы сәулесі» – деген ұғымды білдірсе, «Мөлдір» сөзі: «киелі бұлақтың суының жарқыраған сәулесі» деген ұғым екен.

             Берке Науан Хан Тәуекелдің «Жалғызы» – деп аталған, «Дүрмаһан» шенді, яғни Қазақ Хандығының шекара және әскери істерін басқарған кеңесші биі, әрі Бас Батыры, қолбасшысы, көзі тірісінде-ақ әскери ұранға айналған Қоңырат Әз Ғараб Бесайдар Тутіккенұлы Алатау Батыр өз ұсынысын Ханға айтып, жан-жақты әскери өнерді шегіне жете меңгерген, шаһар және ел басқару ілімдерін Бағдатта оқып – үйренген, барлық сынақтардан сүрінбей өткен, 10 жасынан тәрбиелеген шәкірті Алшын Жалаңтөс Баһадүрді Самарқан шаһарының «Шаһабаты» (Хакімі) етіп тағайындатады. Жалаңтөс Баһадүр Самарқандағы Регистан алаңындағы Әмір Темір Көрегеннің немересі Ұлы Алым, астроном Ұұлықбектің салдырған медресесінің тура қарама-қарсы бетінен үлкен медресе салдырады. Аумалы-төкпелі заманда бұл ғимараттың құрылысы 17 жылға созылады.

              Жалаңтөс Баһадүр бұл медресеге «Жеті Жарғының» алғашқы авторларының бірі, жеті мемлекеттің тілін білген, елшілік қызметтер атқарып Қазақ Хандығының абыройын асқақтата көтерген, киелі азамат, алым Алғи Шар Дара Бидің құрметіне «Шар Дара» – деген ат береді. Жалаңтөс Баһадүр дүниеден өткесін оның ұлы әкесінің орнына Самарқанның Хакімі болып сайланады. Бұл азамат та әкесінің жолын жалғастырып, екі медресенің жанынан «Тилла Кәрім» деген медресе салдырған. Бұл ғимараттар қазір де ежелгі Самарқанға өзгеше көрік беріп тұр. Жалаңтөс Баһадүрдің берген «Шар Дара» аты кейінгі заман билеушілері мен отаршылдардың әрекеті болар қазір «Шер Дорға» өзгеріпті. Суретте солдан оңға қарай: «Ұлықбек» медресесі, оң жақта осы медресеге қарама қарсы тұрған «Шер Дор» медресесі. Ал ортада тұрған «Тилла Кәрім» медресесі. Бұл ғажайып ғимараттар қазір ЮНЕСКО-ның қамқорлығында, ғаламдық жауһари, өнер туындыларының қатарына кіреді.

            Бұрындық Хан мен Шығай Хан, Ескендір Мұңшы мен Тәуекел Хандардан басқа да Қазақтың көптеген хан-сұлтандары мен билері киелі шаһар Самарқанда жерленген. Жалаңтөс Баһадүрдің мазараты Самарқанның жанындағы Нұратада.

 

ТҮРКІМЕН САПАР БОЗДА ЖЫРАУДЫҢ ХАН ТӘУЕКЕЛГЕ АЙТҚАНЫ.

Уа Хан Ием!

Қазығұрттан тараған барша халық!

Біздерді Түркеш, Ернеш, Оғыз дейді.

Кіндігін Қоңыраттың бөліп жарып,

Көтердің «Жеті Жарғыны» Берке Науан!

Ордаңнан Құт-Береке арылмасын.

Алашың жинала берсін түбін танып!

Танысаң Қоңыратпын Оғыз тілді

Панасызға парасатпен қорған болған.

Санасызға Нұр құйған Сіз бір жарық!

Оң аяқты қоңсымын керуен бастар,

Бахир Зарафқа қол ұшын бер оң қанатыңа алып!

          Түсіндірме: Хан Тәуекелге Сапар Бозда жырау түркімендерге қызылбасирандар шабуыл жасап жатқан кезде, қазақтардан әскери көмек сұрап келген елші, әрі батыр, жырау. Бахир Зараф түркімен ханы. Сол жолы қазақтүркмендер әскері үлкен жеңіске жетеді.

«Жеті Жарғы»оны қабылдап бекітіп, алысжақын көрші елдерге мойындатқан уақыт Хан Тәуекел мен Ұлы Маруанақыр Билердің заманы.

           Ол кезде Қазақ елінің астанасы Самарқан қаласы болған. Кейінірек Ташкентке көшірген. Себебі қызылбастармен қан алмасып, кеудедегі үн бұзылып, олардың салтдәстүрлері, әсіресе ағайындарының қыздарын алу салттары сіңіп кетіп, халқымыз тексіз атанбасын деп олардан алыс отыруға тырысқан.

 

БЕРКЕ НАУАН ХАН ТӘУЕКЕЛДІҢ «МӘССАҒАТ» КЕҢЕСІНДЕГІ КӨРІНІСІ. МАРУАНАҚЫР  САРАЙЫ.

(Самарқан шаһары).

             Берке Науан «Көксұр» таққа отырады. Тақ алтынмен апталып тігілген сырмақ еденнің төрінде, сарай еденінен «бір етек» жоғары биікте тұрған. Ханның оң жағында «сырық» бойлы, Арқаның ұзын сырма шапанын киген Ескендір мұңшы отырған. Ханның басында алтын жібекпен өрілген айыр қалпақ болған. Жағасы тік, асыл тастармен өрілген, ақ ботаның жүнінен басылған, етегіне дейін құндыз терісімен қамқалған, оң мен сол жағы айыр «Бозқаным» шапан киген. Ханның тағы отыруға жайлы болған. Арқа тұсында әрқашанда жолбарыстың терісі, Ханның жаға жығыларына салбыраған көрініс берген. Оң қолының тұсында «Жеті Жарғы» жатқан. Бұл кітаптың 90 парағы болған. Барлық парағы да өте көп иленген жұқа қайыс теріден тұрған. Әрбір парақтың шетіне алтын жібектен бау ілген. Әр бауда сан бекітілген. Барлығы 91 парақ болған.

              Ханның сарай төрінде мынандай таңба белгілер тұрған. Бұл таңбалар «Жеті Жарғы» шыққан соң пайда болған. Төңкерілген алтынды «Ай таңбасына» алтынменен әдіптелген, жібек жіптерменөріліп, алты шашақтар ілінген. Бұл белгі: «Алты Арысты мойындатып, «Жеті Жарғыға» тоқтаттымдегені екен. «Алты Арыс» – деп: Арғын, Керей, Уақ, Найман, Қыпшақ, Қоңыратты айтқан. Бұл шашақтардың ең ұзыны Арғын елінікі болса, екінші ұзыны Керейдікі, үшіншісі Қыпшақтікі, төртіншісі Наймандікі, бесіншісі Уақтікі, ең соңғысы момын Қоңыратты білдірген.

             Түсіндірме: «Жеті Жарғы» Бұл кітаптың парақтары екі жасар текенің терісінен иленіп, жасалған. Теке сойылған соң, жүнін ең атақты «Қылышкерге» алдыртады. Жүні алынып тазарған терінің үстіне тасты қыздырып дөңгелетеді. Бір теріні екі-үш күн өңдеген. Екі шетін қаусырып, екі таяққа іліп, айранға салып, иі қанғанша илейді. Әбден илеуі қанғанда, бұл тері «үп» – дегенде, көтерілген.

            «Бір етек» – бұл қазіргі замандағы 3 метрге тең өлшем бірлігі. «Сырық» бойлы – бойы 3 метрден биік адамдарды бұрын халқымыз «сырықтай» – деген. Бойы 2 метрден асатын кісілерді «құрықтай» – десе, 2 метрден төмендерді «тырықтай» – деп атаған.

«Көксұр» – бұл Хандар отырған тақты, атақты «Талбезер» – деп аталған, ағаштан түйін түйетін қас шеберлер жуандығы білектей тобылғы ағаштарын кіріктіріп, қиюластырып жасаған. Жан-жағы алтынданып, асыл тастармен безендірілген. Және де Самарқанның көксұр тасын тақтың жақтауларына бекіткен. Бұл мазараттарға құлпытас ретінде қойылатын таспен тақты әшекейлеу себебі: «Хан биліктен асып-тасып, менменсіп, қаһарына мініп о дүниесін де ұмытып кетпесін» – деген терең ойдан туындаған. Хандар қанжар ұстамаған, сапы ұстаған. «Қанжар екі жүзді, Елбасы мұндай қаруды ұстаса, екі жүзді болады» – деп, Дала заңы бұған тыйым салған.

           «Бозқаным» – арнайы тігілген хандар киетін шекпен, шапан. Тәуекел Ханның тұсында Қазақ Елінің астанасы Самарқан шаһары болса, шекарасы түстігінде Ауғанстан және Иранмен шектесіп жатқан. Ал шығысы Ұлы Қытай қорғаны болса, батысы Сарыатан шаһарының (қазіргі Саратов қаласы) арғы жағында жатқан. «Қанды кек» соғысы – 8 жыл 3 айға созылса, екі аралық келісім 9 жылға созылған.

(Жалғасы бар)

Ілесбек БАЙЖАНОВ

4 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз