«SCIENCE 0+»: ҚазҰУ-де ғылым мен инновация тоғысты

«SCIENCE 0+»: ҚазҰУ-де ғылым мен инновация тоғысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «SCIENCE 0+» халықаралық ғылым фестивалі басталды. 

Маңызды іс-шара ғылымды кеңінен насихаттауға, қоғамда ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ жастардың ғылым, инновация және жоғары технология салаларына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Қалашықтағы «Farabi HUB» ғылыми орталығында өткен фестиваль РФ Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Қазақстанда өтетін БРИКС+ Ашық ғылым апталығының ұйымдастыру комитетінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. 

Шараға оқу ордасының оқытушылары, жас ғалымдар, білім алушы жастар белсенді қатысты. 

Келушілер үшін отандық ғылым, білім және технология саласындағы соңғы жетістіктерді көрсететін интерактивті көрме ұйымдастырылды. Мұнда ауыл шаруашылығы, энергетика, ғарыш, медицина, биотехнология және ядролық технологиялар салаларындағы инновациялық жобалар мен ғылыми әзірлемелер ұсынылды.

Сонымен қатар фестиваль аясында ғылыми демонстрациялар, тәжірибелік шеберлік сабақтары, танымдық лекциялар, зияткерлік викториналар мен пікірталас алаңдары өткізіліп жатыр. Бұл іс-шаралар келушілерге ғылыми жаңалықтарды қарапайым әрі түсінікті форматта таныстыруға, сондай-ақ ғылымның күнделікті өмірдегі маңызын көрсетуге бағытталған.

Айта кетейік, «SCIENCE 0+» халықаралық ғылым фестивалі – ғылымды танымал ету бағытындағы әлемдегі ең ірі білім беру жобаларының бірі. Фестиваль Ресей Федерациясы Президенті жариялаған Ғылым және технология онкүндігі аясындағы маңызды оқиға саналады. 2025 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аталған халықаралық фестивальдің Қазақстандағы бас серіктесі атанып, отандық ғылымның әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға өз үлесін қосып отыр.

Фестиваль жұмысы екі күнге жоспарланған.