Түркістан облысында тұрғын үйде болған өрттен 12 адам мерт болды
2025 ж. 18 қараша
70
0
Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды, деп хабарлайды Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бүгін таңертең Түркістан облысы ТЖД «101» пультіне Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенге дейін тұрғын үй толықтай өртке оранған.
Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды.
Көршілердің айтуынша, алдыңғы күні үй иелері іс-шара өткізген, үйде қонақтар болған.
Өрт 360 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді.
Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себептері белгісіз. Тергеу басталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.