Жер қойнауын пайдалануға қатысты 320-дан астам келісімшарт жасалды
2025 ж. 11 қараша
444
0
2025 жылдың 9 айында геологиялық барлауға салыған инвестиция көлемі 80 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев хабарлады. Ол бүгінгі таңда көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың жалпы саны 324 екенін, оның ішінде барлауға – 15, барлауға және өндіруге – 170, өндіруге – 131, ӨБК – 8 болғанын айтты.
«2023 және 2024 жылдары жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлауға тиісінше 150 млрд және 160 млрд теңге инвестициялады. 2025 жылдың 9 айында геологиялық барлауға салыған инвестиция көлемі 80 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін геологиялық барлауға салынатын инвестиция көлемі алдыңғы жылдардың деңгейінен кем болмайды деп күтілуде», – деді Қайырхан Тұтқышбаев. Қазіргі уақытта мұнай саласында шамамен 220 мың адам еңбек етеді, оған өндіру, өңдеу, тасымалдау және мұнай сервисі кіреді.
Қайырхан Тұтқышбаев Үкімет отырысында кен пайдалану саласындағы аукциондардың ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты жасалып жатқан жұмыстар туралы да айтып берді. Ол 2020 жылдан бері аукциондарды өткізу рәсімі толығымен автоматтандырылғанын, сауда-саттықтар e-qazyna.kz порталында өткізілетінін, бұл оны барынша ашық ететінін жеткізді. Мәселен, биыл министрлік 2 аукцион өткізген, оның нәтижесінде 11 келісімшарт жасалған. Бюджетке 10,6 млрд теңге аударылған. Алдағы 6 жылға барлауға $71,6 млн инвестиция тартылып отыр.
«Қазақстан Республикасының Жер қойнауын пайдалануды басқарудың мемлекеттік бірыңғай жүйесі (БМБЖ) ақпараттық жүйесінде хабарламалар электрондық түрде жолданады. Жыл сайынғы мониторинг нәтижесінде 2024 жылы жер қойнауын пайдаланушылардың атына жалпы сомасы шамамен 19 млрд теңге болатын келісімшарттық міндеттемелерді бұзу туралы 167 хабарлама жолданды. Бүгінгі таңда мемлекеттік бюджетке шамамен 2 млрд теңге төленді. Бұл жұмыстар министрліктің тұрақты бақылауында», – деп атап өтті Қайырхан Тұтқышбаев. Министрлік қабылдаған келісімшарттық міндеттемелер ұзақ уақыт орындалмай бос тұрған жер қойнауы телімдеріне ревизия жасау жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде биыл 17 келісімшартты бұзды.