Qazaq Aqbas халықаралық ынтымақтастықты жолға қойып жатыр

Qazaq Aqbas халықаралық ынтымақтастықты жолға қойып жатыр

Қазақтың ақбас ірі қара тұқымының республикалық палатасы – Qazaq Aqbas өкілдері АҚШ-тың Канзас-Сити қаласында өткен World Hereford Conference 2025 дүниежүзілік конференциясына қатысты. Бұл форумға әлемнің түкпір-түкпірінен жетекші мамандар мен герефорд тұқымы қауымдастықтарының өкілдері жиналды. Конференция аясында қазақстандық делегация екі маңызды ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Олар Ирландияның Hereford қауымдастығы, екіншісі Уругвайдың Urugen компаниясы.

Бұл келісімдер халықаралық әріптестік байланыстарды нығайтуға, селекциялық және технологиялық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу және өндірістік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Олар қазақстандық асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашпақ.

Атап айтқанда, Ирландия Hereford қауымдастығымен жасалған меморандум аясында тараптар генетикалық материалдармен алмасуды, мал есебін жүргізудің заманауи цифрлық жүйелерін енгізуді және селекция мен өнімділікті бағалау саласындағы мамандардың біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр.

Ирландиялық тарап Qazaq Aqbas ұйымын 2026 жылдың 6–10 тамызы аралығында өтетін келесі World Hereford Conference 2026 конференциясына ресми түрде шақырды. Бұл қазақстандық тұқымның әлемдік деңгейде мойындалуы мен сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді.

Сондай-ақ, генетикалық технологиялар мен асыл тұқымды мал өсіру саласындағы жетекші ойыншы Urugen компаниясымен келісімге қол қойылуы да маңызды оқиға. Қазақстан үшін Уругвайдың орны ерекше. Дәл осы елден 1928 жылы алғашқы герефорд бұқалары әкелініп, қазақтың танымал ақбас тұқымын шығару тарихының жолын ашқан еді.

Арада жүз жылдай уақыт өткен соң, Қазақстан мен Уругвай арасындағы тарихи байланыс жаңа, заманауи деңгейде жалғасын тауып отыр. Бұл жолы ол жоғары технологиялық халықаралық әріптестік деңгейіне өтіп, отандық малдың генетикалық сапасын жақсартуға және қазақстандық мал экспортының әлеуетін арттыруға бағытталды.

Конференция барысында Дүниежүзілік Герефорд ұйымының төрағасы Ларри Фини Қазақстанның өз селекциялық базасын дамытудағы жетістіктерін жоғары бағалап, Qazaq Aqbas тұқымы герефорд желісінің Орталық Азияның дала жағдайына табысты бейімделуінің айқын үлгісі екенін атап өтті.

Бұл оқиғалар Qazaq Aqbas брендінің халықаралық деңгейде мойындалуы мен оның әлемдік мал шаруашылығы қауымдастығындағы рөлінің артып келе жатқандығын айқын көрсетті.