Белгісіз хандар мен ұмыт қалған карталар: Астанада Қазақ хандығы тарихына қатысты жаңа деректер таныстырылды
2025 ж. 31 қазан
185
0
 
            Астанада Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтының ұйымдастыруымен «Қазақ хандығы: этносаяси тарих және сыртқы саясат» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға Қазақстанның танымал тарихшылары мен зерттеушілері – Берік Әбдіғалиұлы, Жақсылық Сәбитов, Николай Лапин, Клара Хафизова, Еркін Әбіл және Радик Темірғалиев қатысты.
Ғалымдар хандық биліктің қалыптасу кезеңдерін, Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саясаттағы ерекшеліктерін, сондай-ақ оның Орталық Азиядағы этносаяси үдерістерге ықпалын талқылады.

Қатысушылар қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу дәуіріндегі дипломатиялық қатынастар мен геосаяси ахуалға жаңаша көзқарас ұсынуға мүмкіндік беретін XVI–XVIII ғасырлардағы архивтік материалдар мен картографиялық деректерге айрықша назар аударды.
Қазіргі Қазақстанның сыртқы саясаты мемлекеттілік пен дипломатия саласындағы бай тарихи тәжірибеге сүйенеді. Ежелгі Қазақ хандығы дәуірінде де ел басшылары көрші державалар арасындағы мүдделер тепе-теңдігін сақтай білген. Ынтымақ пен өзара тиімді серіктестікке ұмтылу қағидаты бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Тарихшы Радик Темірғалиев Қазақ хандарының шежіресінде әлі де болса толық зерттелмеген тұстар мен пікірталас тудыратын мәселелер бар екенін атап өтті.

– Қазақ хандығы тарихында әлі де ашылмаған талай құпия бар. Біз хандардың толық тізімін білмеуіміз мүмкін, кейбір есімдер ғылыми айналымнан тыс қалып отыр. Сол себепті дереккөздермен мұқият жұмыс істеп, жоғалған тарихи сабақтастықты қалпына келтіру аса маңызды. Әсіресе аға және жоғарғы хандардың рөлін айқындау – хандық биліктің дамуын терең түсінудің кілті, – деді ғалым.
Ол жаңа ресми дереккөздеріне сүйене отырып, Қазақ хандарының тізімін толықтыру қажеттілігін дәлелдейтін өз аргументтері мен құжаттық негіздерін ұсынды
Зерттеушінің айтуынша, мұндай конференциялар ғалымдардың күш-жігерін біріктіріп, отандық тарих ғылымының дамуына тың серпін береді:
– Хандық дәуірді зерттеу тек өткеннің саяси процестерін ғана емес, сонымен қатар мемлекеттілігіміздің бастауларын терең түсіну үшін де маңызды. Бұл конференция тарихшылар арасындағы кәсіби диалог пен жаңа деректер алмасуға мүмкіндік туғызады, – деді ол.
Қатысушылардың пікірінше, қазіргі зерттеулер Қазақ хандығы тарихының көптеген тұстарын, оның ішінде хандардың хронологиясынан бастап, көрші елдермен дипломатиялық байланыстарына дейін нақтылауға және жаңаша түсінуге жол ашады.
Конференция материалдары архивтік құжаттарды, тарихи карталар мен хандық дәуірді зерттеудің жаңа бағыттарын көрсететін аналитикалық мақалалар қамтылған жеке ғылыми жинақ ретінде жарық көрмек.

Жошы ұлысы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихында ерекше орын алады. Дәл осы кезеңде саяси дәстүрлердің, билік институттарының және дипломатияның негіздері қаланып, хандық дәуірдің дамуына зор ықпал етті.
– Тарихи тәжірибе қазіргі үдерістерді тереңірек түсінуге және болашақты саналы түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов. – Өткенді білмей, бүгінгі күнді әділ бағалау да, болашақ даму бағытын айқындау да қиын. Біздің тарихымыз – тек мұра емес, ол шабыт көзі және сенімді ілгерілеудің темірқазығы.
Анықтама ретінде:
Президенттің тапсырмасымен Жошы ұлысының тарихи мұрасын жүйелі түрде зерттеу, оның отандық тарихтағы орнын айқындау мақсатында Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институты құрылды.
Институт ортағасырлық кезеңнің негізгі оқиғаларын нақтылау және тарихи сабақтастықты қалпына келтіру бағытында ауқымды ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді. 2024 жылдың қарашасында ғалымдар Шағатай, Хайду және Моғолстан ұлыстары тарихына арналған жобаны аяқтады.
2025 жылы институт Қазақ хандығы тарихы мен ұлттық жады және мемлекет құру саясаты тақырыптарына арналған зерттеулер жүргізіп жатыр.
2026 жылы Алтын Орда тарихына арналған іргелі зерттеу жобасын тәмамдау жоспарланған.
Сонымен қатар, институт Алтын Орда дәуірін қамтитын «Қазақстанның академиялық тарихы» атты еңбектің үшінші томын дайындауға да қатысып жатыр.
 
                