Қостанай облысында глютен мен лимон қышқылын өндіретін кешен салынады

Қостанай облысында глютен мен лимон қышқылын өндіретін кешен салынады

Сингапурлық XIYU AGRICULTURAL PTE LTD компаниясының қатысуымен өңірде астықты терең өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.


Үш жылға жоспарланған жобаның инвестициялық құны 250 миллион АҚШ доллары.

Болашақ агроөнеркәсіптік кешен жылына 300 мың тонна бидай, 220 мың тонна жемдік бидай мен арпа, сондай-ақ 200 мың тонна күнбағыс өңдеуге есептелген.

Өндіріс нәтижесінде 27 мың тонна глютен, 66 мың тонна лимон қышқылы моногидраты және 61 мың тонна сусыз лимон қышқылы шығарылады.


Аталған жоба үшін қуаттылығы 90 мың тонна болатын Тобыл элеваторы және 20 гектар жер учаскесі сатып алынды. Компания ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, аумаққа көгілдір отын жүйесі орнатылды, қондырғыларға, теміржол жолдарына күрделі жөндеу жүргізілді, сағатына 55 тоннаға дейін кептіру қуаты бар жаңа қондырғы орнатылды, таразы және электрмен жабдықтау жүйелері жаңартылды, сондай-ақ өнім экспортын қамтамасыз ететін заманауи контейнер алаңы құрылды.


Кешен құрамында жылына, 125 мың тонна лимон қышқылын, 200 мың тонна шикізаттан тазартылмаған күнбағыс майын, 360 мың тонна мал азығы ұнын және 100 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін желілер болады.


Жоба жоғары қосылған құны бар өнімдерді Таяу Шығыс, Еуропа, Түркия және Қытай елдеріне экспорттауға бағытталған.

Бұл аймақтың экспорттық әлеуетін арттырып, Қазақстанның аграрлық секторына қосымша шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік береді.