Республика күні Түркістан қаласында жаңа Өнер орталығы ашылды
2025 ж. 26 қазан
31
0
Республика күні қарсаңында Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған жаңа Өнер орталығы пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу шарасына Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қала басшысы тұрғындарды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, оның жас ұрпақтың шығармашылығын дамытуға, өнер мен білімге деген қызығушылығын арттыруға арналған маңызды мәдени кеңістік екенін атап өтті. «Бұл орталық балаларымыздың талантын ашуға, олардың шығармашылық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа алаң болады», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Өнер орталығы К.Байсеитов көшесінде орналасқан. Биыл маусым айында мердігер мекеме мен тапсырыс беруші арасында келісімшарт жасалып, үш ай ішінде орталықта ауқымды ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қысқа мерзім ішінде ғимарат толық жаңартылып, қазіргі заман талаптарына сай безендірілді.
Жаңа орталықта 36 түрлі үйірме жұмыс істейді. Олардың қатарында робототехника, ағылшын тілі, Ясауитану, би, қолөнер және басқа да шығармашылық бағыттар бар. Қазіргі таңда 1460 бала үйірмелерге қатысып, шығармашылық қабілеттерін дамытып келеді.
Түркістан қаласында қазіргі таңда барлығы 6 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Жаңа ғимаратқа ие болған екі мекемемен қатар, қалада «Оқушылар сарайы», «Ақжайық» музыка мектебі, Балалар саз мектебі және «Қолөнер мектебі» жұмыс істеп, балаларға қосымша білім беру, түрлі үйірмелер жүргізу жұмыстарын жүзеге асыруда. Аталған мекемелерде 60-тан астам үйірмеде 3429 бала қосымша біліммен қамтылған. Сонымен қатар, 50 000-ға жуық оқушы мектептегі үйірмелерге қатысып, қаладағы жалпы оқушылардың 85,7%-ын құрап отыр.
Жаңа Өнер орталығының ашылуы Түркістан қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мәдени-оқыту инфрақұрылымын арттыруға елеулі үлес қосып, қаланың рухани дамуына жаңа серпін береді.