Түркістан облысында жаңа мектеп ашылды
2025 ж. 26 қазан
35
0
Республика күні қарсаңында Түркістан облысы, Сауран ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы аясында №5 жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа білім ордасы 600 оқушыға арналған. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, елді Республика күнімен құттықтады.
Облыс әкімі:
– Баршаңызды жаңа білім ордасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін Сауран ауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында үшінші білім ұясы іске қосылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асты. Бұл – ел болашағына жасалған маңызды инвестиция. Республика көлемінде 217 мектеп бой көтерсе, соның 29-ы немесе 13% біздің өңірде салынды. Түркістан облысында 550 мыңнан астам оқушы білім алуда, ал олардың саны жыл сайын артып келеді, – деді.
Мектеп құрылысы 2023 жылы басталып, биыл толық аяқталып пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 3 гектарды қамтитын мектептің ауданы 8 334 шаршы метрді құрайды. Үш қабатты заманауи ғимарат бір ауысымда 600 оқушыны қабылдауға қауқарлы. Оқу орнында 180 орындық асхана, 30 орындық оқу залы бар кітапхана, спорт және акт залдары, 3 шеберхана, медициналық пункт және заманауи жабдықталған оқу кабинеттері қарастырылған.
Шара барысында қонақтар оқу кабинеттерін, кітапхана мен спорт залын аралап, мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Жаңа мектеп ауыл балаларының сапалы білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және зияткер ұрпақ қалыптастыруға зор үлес қосады деп күтілуде.
Сауран ауданында қазіргі таңда 24 мыңнан астам оқушы білім алып жатқан 60-тан аса мектеп жұмыс істейді. Аудандағы демографиялық өсім жаңа мектептердің салынуын қажет етеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан облысында барлығы 29 «Келешек мектебі» салынды. Өткен жылы 13 мектеп пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылынан бері тағы 10 мектеп ашылды. Жыл соңына дейін 6 мектеп ел игілігіне беріледі.