Түркістан облысында әлеуметтік мәселелерді шешу жұмыстары жүйелі жүргізілуде
2025 ж. 26 қазан
37
0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысында тұрғындарды жеке қабылдау жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл тәсіл арқылы азаматтардың күнделікті тұрмыстық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелері тікелей шешімін табуда.
Жақында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өзіне бекітілген салалар бойынша тұрғындарды қабылдады. Кездесу барысында азаматтар баспана кезегі, жол жөндеу, ауызсу, электр желісі және газ кіргізу сияқты өзекті мәселелерін көтерді.
Мысалы, Түркістан қаласының І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматшасы үй кезегіне тұру мәселесін көтерді. Тексеру барысында оның атына Қызылорда облысында үй тіркелгені анықталды. Ол 2021 жылы сыйға тартылған үйге байланысты өтінішті 2026 жылдың сәуірінен кейін ғана рәсімдей алады.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында 2025 жылы мұқтаж азаматтарға арналған 11 көпқабатты тұрғын үй салынады деп жоспарлануда. Нәтижесінде 944 пәтер пайдалануға беріледі. Биыл 432 отбасы, соның ішінде әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылар жаңа баспаналы болды. Пәтерлерді алу «Отбасы банкінің» жүйесі арқылы кезек бойынша жүзеге асырылады.
Облыс тұрғындарының тағы бір өтініші – Қазыбек би көшесіндегі электр бағаналарын жаңарту болды. 2026 жылға арналған жобалық жоспарға сәйкес, бағаналар СИП жүйесіне ауыстырылатын болады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.
Сайрам ауданының тұрғыны Көлкент пен Арыс ауылдарының арасындағы жолдың жағдайын көтерді. KXSR-4 «Қожақорған–Ханқорған–Көлкент» бағытындағы жол тозған. 2024 жылы жөндеу жобасы дайындалып, сараптамадан өтті. Жөндеу жұмыстары «ATSkom.kz» ЖШС арқылы жүргізілуде, нысан 2026 жылы толық пайдалануға беріледі.
Сауран ауданының Қаратөбе ауылындағы тұрғындар жол салу және ауызсу мәселесін көтерді. Аталмыш елді мекенде 93 тұрғын бар және қазіргі таңда ауызсу жеке ұңғымалар арқылы қамтамасыз етіледі. Елді мекен мәртебесі болмағандықтан, ірі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Дегенмен, 2024 жылы тұрғындардың өтініші бойынша Шайых көшесіне жөндеу жұмыстары жасалды. Елді мекен мәртебесі берілгеннен кейін ауызсу және жол жобалары толық жүзеге асырылады.
Қабылдау барысында Зұлпыхар Сансызбайұлы жауапты сала басшыларына тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, заң аясында мәселелерді шешуді тапсырды. Әкімдік азаматтардың мәселелерін орындауды қатаң бақылауда ұстайды, және барлық шешімдер уақтылы әрі жүйелі түрде жүзеге асырылады.