Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау күшейтілуде

Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау күшейтілуде

Түркістан облысында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, қоғамның әртүрлі топтарына жан-жақты қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жыл санап күшейтіліп келеді. Бұл бағытта аймақ әкімдігі жүйелі іс-шаралар мен нақты жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлу үстінде. Соның бір көрінісі ретінде, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалуы жөніндегі жұмыстар жан-жақты сараланып, тиісті мәселелер талқыланды.

Жиында облыс басшысы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету ісін жүйелі әрі сапалы түрде жүргізуді, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруды тапсырды.

– Мүгедектігі бар тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек сапалы әрі жүйелі болуы тиіс. Жауапты басқарма мен аудан, қалалардағы осы салаға жетекшілік ететін басшылар өз міндеттерін талапқа сай атқаруы керек. Бұл мәселе қатаң бақылауда болады, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Әбдіқадыровтың айтуынша, Түркістан облысында бүгінгі күні 101 930 мүгедектігі бар адам ресми есепте тұр. 2021 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қорғау қызметтері «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы қолжетімді болып, оңалту және абилитациялау үшін қажетті тауарлар мен қызметтердің жеткізушілерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік берілді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік қызметтерді алу процесін жеңілдетіп, азаматтардың уақытын үнемдеуге септігін тигізді.

2025 жылдан бастап жүйеге санаторийлік-курорттық емдеу шаралары, міндетті гигиеналық тауарлар, ымдау тілі маманының қызметі, сондай-ақ жеке көмекші қызметі қосылды. Өтініштерді қабылдау проактивті түрде жүзеге асырылып, әлеуметтік көмек алу процесі автоматтандырылған. Нәтижесінде, өтініш берушілер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,5%-ға өсті, яғни 62 628 өтініштен 75 898 өтінішке жетті.

2024 жылдың қорытындысы бойынша оңалту бағдарламаларының орындалу көрсеткіші 95%-ға жетіп, 66 860 өтініш қанағаттандырылды. Бұл мақсатқа 17,1 млрд теңге қаржы жұмсалды. Биылғы жылдың 3-ші тоқсанына дейін абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша 75 898 өтініш қабылданып, 55 502 өтініш қанағаттандырылды.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтарды міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге 2025 жылы бюджеттің барлық көзінен 6,8 млрд теңге қаралған. Бұл қаржы арқылы қажетті құралдар мен қызметтер толық көлемде ұсынылып, әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру жоспарланған.

Осылайша, Түркістан облысы мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғауда заманауи технологияларды қолдана отырып, жүйелі жұмыстар жүргізіп, олардың өмір сапасын жақсарту мен қоғамға бейімделуіне барлық жағдай жасап отыр.