Түркістан облысында электрмен қамту жүйесін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Түркістан облысында электрмен қамту жүйесін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Түркістан облысы қарқынды дамып келеді, бұл өз кезегінде инфрақұрылымды заманауи талаптарға сай жетілдіруді қажет етеді. Әсіресе, электр энергиясымен қамтамасыз ету саласы – өңір тұрғындары мен кәсіпкерлік субъектілері үшін маңызды бағыттардың бірі.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның басшылығымен кездесу өткізіп, өңірді электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы ағымдағы және перспективалық жобаларды талқылады. Кездесу барысында облыс орталығы мен облыс аумағындағы елді мекендерді үздіксіз және сапалы электр энергиясымен қамту, тозған электр желілерін жаңарту, жаңа қосалқы станциялар салу, қуаттылықты арттыру және жасанды интеллект пен автоматтандыру жүйелерін енгізу мәселелері қаралды.

Облыс әкімі бұл саладағы өзекті проблемаларды шешуде нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтіп, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

«Өңір халқын сапалы инфрақұрылммен қамту – басты басымдықтарымыздың бірі. Энергия тапшылығын жойып, стандартқа сай қажеттілікті толық қамтамасыз ету керек. Аудан, қала ұсыныстарына сай тиімді жобаларды қолдап, жүзеге асырамыз», – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС директоры Айдар Махамбетов жоспарланған жобаларды таныстырып, өңірдегі электр энергиясымен қамту деңгейіне тоқталды. Оның мәлімдеуінше, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025-2029 жылдар аралығында 778,9 шақырым электр желілерін жаңарту, 23 қосалқы станцияны, сондай-ақ 343 трансформаторды қайта құру көзделген. Жобалар іске асырылған жағдайда, электр желілердің тозуы 52,8%-ға төмендеп, нормативтік-техникалық шығындар 14,8%-дан 12,5%-ға дейін азаяды. Сонымен қатар, энергия тапшылығы бар аудандарда қосымша 230 МВт қуат пайда болады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, Сарыағаш ауданында қуаты 220 кВ болатын «Жібек жолы» қосалқы станциясының құрылысын салу ұсынылды. Бұл қосалқы станция іске қосылған жағдайда, өңірдің оңтүстік аймақтарына қосымша 100 МВт қуат жеткізіліп, Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал және Жетісай аудандарын қажетті электр қуатымен қамтамасыз ету көзделуде.

Кездесу барысында Отырар, Ордабасы, Сайрам, Мақтаарал аудандарында жоспарланған жобалар да жан-жақты қаралып, тиімді жобаларды іске асыру бойынша нақты ұсыныстар талқыланды. Барлық жобалар 2026-2029 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске асырылып, облыстың электр желілері заманауи талаптарға сәйкес жаңартылады.

Бұл шаралар Түркістан облысының инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің сапалы электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етілуін қамтамасыз етеді.