Түркістан облысында 180 нысанның құрылысы жүргізілуде
2025 ж. 26 қазан
226
0
Түркістан облысында әлеуметтік, инфрақұрылымдық және тұрғын үй құрылысы саласында биыл қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылға жоспарланған ірі жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Биыл облыс аумағында барлығы 180 нысанның құрылысы жүзеге асырылуда. Оның ішінде 52 жоба – жаңа, ал 128 нысан – өткен жылдардан өтпелі болып табылады. Бұл жобалар түрлі салаларды қамтиды. Атап айтқанда, 2 әкімшілік ғимараттың, 17 білім беру нысанының, сондай-ақ «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 16 жаңа білім ошағының құрылысы қолға алынған. Бұдан бөлек, 4 денсаулық сақтау, 19 мәдениет, 26 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында – 4, абаттандыру бойынша – 1, инженерлік инфрақұрылым бағытында – 54, «Тұран» арнаулы экономикалық аймағының инфрақұрылым жүйелерінде – 4, әлеуметтік салада – 1, және тұрғын үй құрылысы саласында – 32 нысан салынуда.
Жыл қорытындысымен 104 нысанды пайдалануға беру жоспарланып, қалған 76 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда 68 нысанның құрылысы толық аяқталып, қалған 36 нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Өңірде тұрғындарды баспанамен қамту бағытында да ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және қолжетімді тұрғын үй қорын ұлғайту мақсатында жалпы ауданы 132,5 мың шаршы метрді құрайтын, 2138 пәтерлі 30 кредиттік тұрғын үйдің құрылысына бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, бұл үйлердің барлығы толық пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, 176 пәтерлі 4 арендалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, оларды жыл соңына дейін ел игілігіне тапсыру жоспарланған. Оның ішінде Төлеби ауданында – 3, Жетісай ауданында – 1 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Бұдан өзге, облыс аумағында 578 арендалық пәтерді сатып алу көзделген. Бүгінгі таңда 180 пәтер сатып алынды, ал қалған 398 пәтер жыл соңына дейін сатып алынбақ. Сонымен қатар, 2015 пәтерлі кредиттік тұрғын үйді сатып алу да жоспарға енгізілген. Қазіргі уақытта 1 720 пәтерді сатып алу бойынша келісімшарттар жасалып, Кентау қаласы мен Сайрам ауданында 108 пәтер сатып алынған. Ал Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Ордабасы, Жетісай аудандарында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы жалғасып жатыр.
Инженерлік инфрақұрылым бағытында да жүйелі жұмыс атқарылуда. Биыл бұл салада 29 нысанды пайдалануға беру жоспарланып, қазіргі таңда 11 нысан толық қабылданды. Қалған 18 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Барлық нысандардың құрылысы барысы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Өңір басшысы құрылыс сапасын, мерзімін және тиімділігін тұрақты түрде назарда ұстап, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріп отыр.
Инфрақұрылымдық даму мен әлеуметтік нысандар құрылысы — облыстың тұрақты дамуының басты тетігі. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Түркістан өңірінде жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді.