Түркістан облысында 2025 жылы 220 коммуналдық нысанның құрылысы жүргізілуде
2025 ж. 26 қазан
29
0
Түркістан облысында коммуналдық салада биыл айтарлықтай құрылыс қарқыны байқалуда. 2025 жылы өңірде жалпы 220 нысанның құрылысы іске асырылып жатыр. Оның ішінде 121 нысанның құрылысы биыл толық аяқталуы тиіс.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде коммуналдық нысандардың құрылыс барысы мен жұмыстың сапасы кеңінен талқыланды. Әкім жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды және жұмыс сапасына ерекше мән беруді тапсырды.
«Биыл пайдалануға берілетін нысандардың құрылыс қарқынын күшейтіңіздер. Жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етіңіздер», – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Мәжілісте жыл соңына дейін құрылысы аяқталатын нысандар туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Олжабаева баяндама жасады. Оның айтуынша, коммуналдық нысандардың құрылыс барысы қатаң бақылауға алынып, тұрақты түрде штаб отырыстарында қаралып отырады.
2025 жылы өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 66 нысанның құрылысы басталған. Оның 38-і биыл аяқталып, қалған 28 нысан келесі жылы тапсырылмақ. Осы жобалардың ішінде индикаторға 30,8 мың халқы бар 30 елді мекен енгізілген. Қалған 8 елді мекенде (0,6 мың тұрғын) кешенді-блок модульдерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 30 елді мекеннің 15-інде (Сарыағаш – 5, Келес – 4, Қазығұрт – 1, Ордабасы – 3, Отырар – 1, Бәйдібек – 1) құрылыс аяқталған, ал қалған 15 елді мекенде жұмыс жалғасып жатыр.
Облысты кәріз жүйелерімен қамту мақсатында 16 жобаның құрылысы қолға алынған. Жыл соңына дейін 10 нысанның құрылысы аяқталып, оның ішінде Түркістан қаласында – 7, Арыс қаласында – 1, Ленгірде – 1 және Ордабасы ауданында – 1 нысан пайдалануға беріледі.
Өңірді газдандыру бағытында 2025 жылы 80 нысанның құрылысына қаржы бөлінген. Биыл 46 жоба аяқталып, 73 мың халқы бар 43 елді мекен табиғи газға қосылады. Қалған 34 жоба келесі жылы пайдалануға тапсырылмақ. Қазіргі таңда 32 нысан пайдалануға берілді. Жыл қорытындысымен облыстың газдандыру деңгейі 75,1 пайызға жетіп, 1,9 миллион тұрғыны бар 606 елді мекен толық «көгілдір отынмен» қамтылатын болады.
Биыл 110,4 мың халқы бар 53 елді мекенді сапалы электр қуатымен қамту мақсатында 47 нысанның құрылысы қолға алынды. Оның 25-і биыл аяқталса, 22 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі. Бүгінде 17 нысанның құрылысы аяқталып, 14 елді мекенде тұратын 32,5 мың адам тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етілді. Қалған 5 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Соның ішінде Төлеби ауданында 110 кВ «Алатау» қосалқы станциясы іске қосылып, Жетісай ауданындағы 110 кВ «Жетісай» қосалқы станциясының құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Жылумен қамту саласында биыл облыстық бюджет есебінен 3 нысанға қаржы қарастырылып, 40,2 шақырым жылу желісі толығымен қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде, 2024–2025 жылдары Кентаудағы жылу энерго орталығында 6 қазандықта қайта құру жұмыстары жүргізіліп, 8 қазандыққа басқарудың автоматтандырылған жүйесі орнатылды. Сонымен қатар станциядағы турбоагрегаттарға ағымдағы жөндеу жүргізіліп, электр қуатын өндіру көрсеткіші 5 МВт-тан 10 МВт-қа дейін артты.
Жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев та есеп берді. Биыл облыс аумағында 288 нысанда (1241,5 шақырым) жол құрылысы және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін ұзындығы 951,4 шақырымды құрайтын 233 нысан пайдалануға берілмек. Нәтижесінде, жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 94,7 пайызға жетеді деп күтілуде.
Түркістан облысының инфрақұрылымдық дамуы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстардың нәтижесі болып табылады.