Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, өзекті мәселелерді талқылады

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, өзекті мәселелерді талқылады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдауға Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Сарыағаш, Мақтаарал аудандарынан келген тұрғындар қатысты. Көтерілген мәселелердің дені әлеуметтік көмек, жер қатынастары, тұрғын үй сапасы және инфрақұрылым саласына қатысты болды.

Кентау қаласынан келген азамат мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті орталық салу жөнінде ұсыныс білдіріп, ғимараттарға пандус орнату және мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар алу мәселесін көтерді. Облыс әкімі бұл бағытта барлық қажетті жағдайлар жасалуы тиіс екенін айтып, жауапты сала басшыларына ұсынысты мұқият зерделеуді тапсырды.

Сондай-ақ, Түркістан қаласынан келген кәсіпкер мемлекеттік балабақшаны сенімгерлік басқаруға алу жөнінде өтініш білдірсе, тағы бір тұрғын жеке балабақшасына қаржылық қолдау көрсетуді сұрады. Сонымен қатар тұрғындар Түркістан қаласындағы тұрғын үйлердің сапасына қатысты ақауларды жою, Мақтаарал ауданындағы кеден бекеті маңындағы заңсыз құрылыс нысандарын ретке келтіру, газ желісін тарту, жұмысқа орналасу сынды бірқатар маңызды мәселелерді алға тартты.

Әкім әрбір өтініш пен ұсыныстың назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, көтерілген мәселелерді жеке қарап, тиісті басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерімен бірлесіп шешу жолдарын қарастырды. Бірқатар мәселелер сол сәтте шешімін тапса, күрделі әрі заңдық сараптама қажет ететін өтініштер бақылауға алынып, заң аясында шешілетін болды.

Айта кетейік, облыс әкімі мен оның орынбасарлары тарапынан азаматтарды жеке қабылдау жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда. Қабылдауға жазылу үшін тұрғындар Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөліміне жүгінуі тиіс. Сондай-ақ egov.kz порталы, e-otinish бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш беру арқылы жазылуға болады.