Келес өңірінің өндірістік әлеуеті артпақ
2025 ж. 22 қазан
51
0

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірдің барлық аудандары мен қалаларында өндірістік парк құру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Осы аясда Келес ауданында да өндірістік парк салу басталып, жергілікті өндіріс пен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылуда. Аудандағы Абай ауылынан 10 гектар жер учаскесі бөлініп, қазір нысанды орналастыру жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр.
Қазіргі уақытта «Керуен» жеке кәсіпкерлігі аукцион арқылы 2 гектар жер учаскесін сатып алып, жер бедерін тегістеу жұмыстарын толық аяқтаған. Жалпы, аталмыш аймақта 20 гектар жер учаскесін аукционға шығару шаралары жүргізілуде. Өндірістік ғимараттар салуға ниетті кәсіпкерлерге 9 гектар жер учаскесі 1 гектардан бөлініп, ұсынылатын болады.
Қазір өндірістік парк аумағында бір кәсіпкер 3 ғимарат салуды жоспарласа, екі кәсіпкер әрқайсысы 2 ғимараттан тұрғызуды жоспарлап отыр. Бұл жоба Абай ауылын жаңа индустриялық өңірге айналдырып, аудан экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді. Жобаның уақытылы жүзеге асуы, қажетті инфрақұрылымның қамтамасыз етілуі және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау жұмыстары аудан әкімдігінің қатаң бақылауында болады.
Негізгі мақсат – өңірге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, инвесторларға инфрақұрылымы бар дайын аймақ ұсыну және жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту болып табылады.