Түркістан облысында 2025 жылы 1 200 шақырымнан астам жол жөнделеді

Түркістан облысында 2025 жылы 1 200 шақырымнан астам жол жөнделеді

2025 жылы Түркістан облысында автомобиль жолдары саласын дамыту мақсатында жалпы ұзындығы 1 235,6 шақырым болатын жолдар мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша соның 951,4 шақырымы пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр. Бұл туралы Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев БАҚ өкілдерімен өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Бүгінде облыстық маңызы бар 225,2 шақырым жолда, аудандық деңгейдегі 130,7 шақырым көшеде және елді мекендердегі 885,6 шақырым жолда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 140 елді мекенде жалпы ұзындығы 395,5 шақырым көшеде құрылыс жұмыстары атқарылуда. Биылғы жыл соңына дейін жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 94,7 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Жол құрылысының сапасы «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан облыстық филиалы тарапынан тұрақты бақылауға алынған.

Бұдан бөлек, басқарма тарапынан жалпы ұзындығы 132,6 шақырымды құрайтын 7 жолды және 4 көпірді күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалар әзірленіп, тиісті сараптама қорытындылары алынған. Сондай-ақ жаңадан салынатын 33,4 шақырым жолға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Автомобиль жолдарын цифрлы бақылауға алу мақсатында Түркістан облысы аумағындағы 7 жол учаскесінде автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жоспарланған. 2024–2025 жылдары Арыс қаласындағы Арыс–Темірлан және Арыс–Қабылсай бағыттарындағы жолдарға аталған құрылғылар орнатылды. Ал биыл Сайрам ауданындағы Қарамұрт–Ақсукент бағытындағы жол бойында екі нүктеде станция орнату үшін қаржы қарастырылып, қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен.