Осы аптада ерлікпен қаза тапқан батыр туралы "Капитан Байтасов" фильмі көрерменге жол тартады

Осы аптада ерлікпен қаза тапқан батыр туралы "Капитан Байтасов" фильмі көрерменге жол тартады

23 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Ғазиз Байтасовтың ерлігі жайлы көркем фильмнің көрсетілімі басталады, деп жазады inbusiness.kz cайты.

Тараздағы лаңкестік кезінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов лаңкестің жолын бөгеп, ел қауіпсіздігі жолында өз өмірін қиды. Қайтыс болғаннан кейін батырға "Халық Қаһарманы" атағы берілді.

Ғазиз Әбдібекұлы Байтасов Жамбыл облысы, Түймекент ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1992 жылы бастап, 20 жылға жуық уақыт еңбек етті. 2011 жылғы 12 қарашада лаңкестің лақтырмақ болған гранатасын өз денесімен жауып, бейбіт тұрғындарды қорғап қалды. Артында жұбайы мен 2 ұлы қалды.

Туынды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша "Қазақфильм" киностудиясында түсіріліп, ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен жүзеге асты.

Жоба қазақстандық кинематографиядағы патриоттық тақырыпты жаңа деңгейге көтеріп, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерлігімен мен азаматтық борыш ұғымдарын көрерменге терең жеткізуді көздейді.