Түлкібас ауданында шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылуда
2025 ж. 17 қазан
49
0

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған арнайы аймақтардың саны артып келеді. Бұл бастама облыс экономикасын әртараптандыру, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың бірі. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, бүгінде Түлкібас ауданында бірнеше шағын өнеркәсіптік аймақ құру жұмыстары басталып кетті.
Атап айтқанда, Майлыкент, Тастұмсық, Балықты және Машат ауылдық округтерінде жаңа өнеркәсіптік аймақтардың орны белгіленіп, қазіргі таңда кәсіпкерлік нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Бұл аумақтарда инфрақұрылым тарту жұмыстары қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, су және электр энергиясымен қамтамасыз ету, жолға тас төсеу және басқа да қажетті инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда.
Шағын өнеркәсіптік аймақтардың негізгі мақсаты – ауылдық жерлерде кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, бизнеске қолайлы орта қалыптастыру және жергілікті тұрғындардың табысын арттыру. Бұл аймақтарда өз кәсібін бастағысы немесе кеңейткісі келетін кәсіпкерлерге бірқатар мемлекеттік қолдаулар көрсетілмек. Жер телімдері бөлініп, инфрақұрылым толық жеткізіледі. Мұндай жағдай кәсіпкерлер үшін бастапқы шығынды едәуір азайтып, жаңа жобаларды тиімді жүзеге асыруға жол ашады.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып, аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары құрылады. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң ықпал етеді. Сонымен қатар, өнеркәсіптік аймақтардың құрылуы ауыл шаруашылығы мен өндірісті ұштастыруға, логистикалық әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, аталған бастама кәсіпкерлікті тек аудан көлемінде ғана емес, облыс деңгейінде де жаңа белеске көтереді. Себебі ауылдық округтердегі шағын өнеркәсіп аймақтары – ірі кәсіпорындардан гөрі халыққа жақын әрі өмір сүру сапасын тікелей жақсартатын нақты тетіктердің бірі.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Жоспар бойынша алдағы уақытта бұл аймақтарда жеңіл өнеркәсіп, тамақ өндірісі, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қаптау бағытындағы жобалар іске асырылады деп күтілуде.
Мемлекеттік қолдаулар мен инфрақұрылыммен қамтылған бұл аймақтар өңірдің кәсіпкерлік әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Түлкібас ауданында басталған бұл тәжірибе өзге аудандарда да жалғасын тауып, облыс көлемінде жүйелі түрде жүзеге асырылмақ.