Түркістан облысында ауқымды «AQ-DALA» мақташылар фестивалі өтті
2025 ж. 17 қазан
46
0

Түркістан облысындағы Отырар ауданында 7 қазан – Дүниежүзілік мақта күніне орай ауқымды «AQ-DALA» мақташылар фестивалі өтті.
Іс-шараның мақсаты – мақта шаруашылығының өңірдегі даму тарихын, жетістіктері мен жаңалықтарын дәріптеу, жаңа технологияның қолданысын кеңейту және «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында шаруаларға құрмет көрсету.
Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, фестиваль аясында егіс алқабына экскурсия, ауыл шаруашылығы және мақта шаруашылығына арналған техника көрмесі ұйымдастырылып, жаңа агротехнологиялар таныстырылымы өтті.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шарушалығы еңбеккерлерін мерекемен құттықтап, сала үздіктерін марапаттады.
– Сіздерді «AQ DALA» мақта фестивалі салтанатты мерекесінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Мақта – өңіріміздің басты дақылы. Тоқыма өнеркәсібінің негізгі шикізаты ғана емес, мыңдаған отбасылардың тұрмысын түзеп, ауылдың әлеуетін көтеріп отырған берекелі өнім. Осы жолда маңдай терін төгіп жүрген диқандарымыздың еңбегі – нағыз құрметке лайық. Мемлекет басшысы биыл Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруді міндеттеп, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және заманауи технологияларды енгізуді тапсырды. Шикізат өндіруден терең қайта өңдеуге көшу қажеттілігін ерекше атап өтті. Біз мақтаны тек шикізат күйінде ғана емес, дайын өнімге айналдырып, өзіміздің тоқыма өнеркәсібімізді дамыту бағытында жұмыс істеудеміз. Бүгін мақта-тоқыма кластері бойынша алғашқы жобаның нақты жүзеге асырылуының куәсі болып отырмыз. Аталған кластердің жалғасы ретінде, «Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Болашақта made in Turkestan тігін жіптері мен маталары танымал брендтерде сатылады. Осы озық тәжірибе аясында өңірімізде инвестиция тарту жұмыстары жалғасын табады. Облыс әкімдігі тарапынан әрбір инвесторға қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайынбыз.
Біздің басты мақсатымыз – еңбек адамының тұрмысын жақсартып, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында Түркістан облысы ғана емес, бүкіл Қазақстан «ақ алтынмен» танылып отыр. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды озық технологияларды енгізу арқылы, табыстарыңыз бен облысымыздың экономикасына қосатын үлестеріңізді арттыруға шақырамын. Облысымыздың мақта шаруашылығын жаңа биіктерге көтеріп, еліміздің аграрлық саласын өркендету бағытында жұмылып аянбай еңбек етейік. Мереке құтты болсын, - деді Нұралхан Оралбайұлы.
Фестиваль барысында бірқатар еңбек адамына ҚР Мемлекеттік наградалары, грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Марапаттау рәсімі эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.
Түркістан облысында 5 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалардың өңдеу қуаттылығы жылына 193 мың тоннаны құрайды. Нәтижесінде 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Инвестициялық жобаның негізінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 32 мың гектарға жаңа технологиямен мақта дақылы егілді. Жобаның негізгі мақсаты – су үнемдеу технологиясын енгізу нәтижесінде тұтынылатын су көлемін 50%-ға үнемдеу арқылы өнімділікті 2-3 есеге дейін арттыру. Қазіргі жаһандық су тапшылығы жағдайында бұл өте маңызды әрі дұрыс шешім. Жаңа әдіс қалыптасқан дәстүрлі мақта егу технологиясынан әлде қайда тиімді. Осы күнге дейін өңір диқандары 1 гектар мақта алқабынан 25 цт өнім немесе 625 мың теңге пайда табатын болса, жаңа технологияны ендіру арқылы дәл сол 1 гектар алқабтан 60 цт-ден астам немесе 2-3 есе көп өнім мен пайда табуға мүмкіндігі бар. Бұл – Мемлекет басшысының оң стратегиясының айқын дәлелі.
Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығындардың 80 пайызына дейін субсидиялау – шаруаларға жаңа технологияны ендіру жолындағы қолдау әрі үлкен мүмкіндік. Осы жылға жоспарланған 27 мың га орнына 59 мың га жерге су үнемдеу технологиялары ендіріліп, жоспар 2 есе артығымен орындалды. Нәтижесінде 150 млн. текше метрден астам ағын су көлемі үнемделді.
«Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы нысанның құрылысы жүргізілуде. Толық циклды тоқыма фабрикасында иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 8 фабриканы іске қосу жоспарланса, оның алғашқысы (жіп иіру фабрикасы) 2025 жылдың қараша айында жұмысын бастайды. Жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 млн. метр мата, 7 млн. жиынтық төсек орын шығару көзделіп отыр.
Айта кетейік, биыл облыс шаруалары 144,5 мың гектарға мақта егіп, баптап жатыр. Дихандар жалпы 470 мың тонна шитті мақта жинайды деп күтілуде. Түркістан облысында 25 мақта зауыты, 175 мақта қабылдау бекеті қызмет етеді.